«Ескі киімге екінші өмір»: Likekomek қалай жұмыс істейді?
Қала халқының бірқатары сыймай қалған немесе сәннен шыққан киімін қайда тастарын, кімге берерін білмей жүрсе, әлеуметтің енді бір тобы ескі болса да киюге жарамды киімге мұқтаж. Likekomek – осы екі топты біріктірген жоба. Дәл осы жоба аясында біз атаған екі топ бір-біріне көмектесе алады.
Likekomek негізін қалаушылардың бірі Әсемгүл Керейбаевамен киілген киімдер дүкені туралы сұхбаттастық. Бұл дүкен қайырымдылыққа басымды береді.
– Әсемгүл Сапарбекқызы, сізге қайырымдылық дүкенін ашу туралы ой қайдан келді?
– Бұл жоба көптен бері ойымда жүретін. Балалар тез өседі, киімі сыймай қалады, тастауға обал-ақ, киілгені болмаса, ескірмеген, бүтін киім. Сондықтан өзімнен де, балалардан да қалған киімді жинап, бір қайырымдылық дүкеніне апардым. Ол дүкен қаланың сол жағалауында еді, кейін жабылып қалды. Сол дүкенге барғанымда ел астанасында киілген киімге мұқтаж жандардың көп екенін көрдім, үйге біртүрлі әсермен келдім. Жолдасым Дәулетке сондай мұқтаж жандарға қалай көмектесуге болатынын туралы не ойлайтынын сұрадым. Күйеуімнің бір жақсы қасиеті – қандай жағдай болмасын, мені қолдап отырады. Ол ойыммен келісті. Бірақ киімді далада таратпаймыз ғой. Сол себепті дүкен аштық. Дәулет қаржы маманы болғандықтан, бастапқыда жалдау ақысын өзі төледі. Сосын дүкендегі кейбір қымбат бренд заттардың бағасын 100 теңгеден 5000 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Кейбір киімдер мен заттардың бағасы әлеуметтің осал тобына жататындар үшін 100 теңгеден басталатын етіп қойды. 2-3 балалы отбасылар көп, бір баланың өзін асырау үшін ақша керек. Ал балалар киімінің бағасы өте қымбат. Сондықтан арзан болсын деп, осы дүкенді аштық.
– Бұл жоба сізге табыс әкеле ме?
– Әрине әкеледі. Likekomek жобасы біздің негізгі жұмысымыз. 2024 жылы қала әкімдігіне ұсынып, жобаны әлеуметтік реестрлер қатарына кіргіздік.
– Қайырымдылық дүкеннен киіну – кедейлік белгісі деген стереотип бар дейді. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Бұрынғыдай емес, осындай пікірдегі адамдар бүгіндері аз кездеседі. Дүкенге келіп «Жағдайымыз жетіскеннен келіп тұрған жоқпыз» деп ақталғандай болады. Енді бірі кредитім болған соң ғана үнем жасай үшін келем бұл дүкенге дейді. Біз оларға дүкенге не үшін келдіңіз деп сұрақ қойып мазасын алмаймыз. Өздері ыңғайсызданатын сияқты. Біздің дүкендегі баға тиімді болғандықтан, әлеуметтің мәртебесіне қарамастан кез келген адам киіне алады. Себебі бір күртешені 30-40 мың теңгеге алғанша, бізден 2 мың теңгенің көлемінде бірнеше куртка алуына болады. Кей адамдарға «бұл киімді кию ұят емес пе» деп айтатындар бар екен. Оларға берер жауабымыз бар: кез келген киім дүкеніндегі сіз алатын киімді де сізге дейін көп адам киіп көрген. Ол киімді де пайдаланылған деп айтуға болады. Сондықтан мен қолданыста болған киімді киюді ұят санамаймын.
– Өзіңіз бұл дүкеннен киім аласыз ба?
– Әрине. Біз киетін киімнің 90 пайызы осы дүкеннен алынған. Мұны бәрі біледі. Сұхбат бергенде де үстіміздегі киім толығымен Likekomek-тен алынған деп айтамыз. Дәулет екеуіміз көпбалалы отбасында өскенбіз. Көпбалалы отбасының балалары бір-бірінің киімін киіп өсті ғой. Менің де, күйеуімнің де отбасына көршілер көмектескен. Олар киім де берген, басы артық заттармен де қамтамасыз еткен. Біз көршілердің қамқорлығын сезініп өскендіктен, мұқтаж халыққа көмектескіміз келеді.
– Дүкенге киімді қайдан аласыз, кімдер өткізеді?
– Бұл сұрақты бізге өте жиі қояды. Алғашқы кезде киімді дүкенде қабылдағанбыз, бұл киім өткізушілер үшін ыңғайсыз болды. Себебі Астананың сол жағалауында тұратын адам 1-2 пакет киімді тапсыру үшін бүкіл қаланы айналып өтуіне туралы келеді, көп уақыты зая кететін. Сондықтан оларға да, бізге де ыңғайлы болуы үшін Астанада киім қабылдайтын 160-қа жуық жәшік орнаттық. Киім сол жәшіктерге жиналады.
– Киімнің қанша бөлігі қайырымдылыққа беріледі?
– Киімнің 20-30% сатылады, қалғаны қайырымдылыққа жіберіледі. Астанадағы бірнеше қайырымдылық қорымен жұмыс істейміз. Киім қажет деген қорларға бірден жібереміз. Астана іргесіндегі елді мекендерге де жөнелтеміз. «Газель» көлігіне 1,5 тоннадай киім сыяды. Жануарлар питомнигіне де көмектесеміз. Иттің астына төсеуге жарамсыз төсектерді береміз. Одан бөлек ескі киімнен жаңа киім тігеміз. Этностильде жаңа шапандар тігіледі, ол үшін джинсы материалы қолданылады. Қолөнершілер де кәдемізге жаратамыз деп алып кетеді. Оның барлығы тегін, ақы алмаймыз, мақсатымыз – қандай болса да киімге екінші өмір сыйлау.
– Дүкенге келушілер көп пе?
– Күн өткен сайын көбейіп жатыр. Басында адамдар қолданылған киімді кимеймін деп, арзан дүкенге барып, синтетикадан жасалған жаңа киім сатып алды. Оны бір-екі ай киіп, сапасы бүлінгенде қоқысқа тастады. Бұл экологияға да, экономикаға да зиян. Иә, бізде бренд киім көп емес, бірақ сапалы киім өте көп. Сондықтан да бізге жиі келетіндер көбейген. Екіншіден, маркетинг үшін қаражат бөлдік. Әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тараттық. Келушілер негізінен ақпаратты әлеужеліден алғанын айтады. Үшіншіден – экологиялық сауаты жоғары адам көбейіп жатыр. Мұны тапсырылған киімнің көптігіне қарап айтып отырмын. Егер 2020 жылы 1 тонна киім әрең жиналған болса, бүгіндері күнделікті 3 тонна киім сұрыпталады. Сұрыпталмай жатқан киім одан көп. Әсіресе мезгіл ауысқанда гардеробын қопарып, киімін сұрыптайтындардың киімін алып келуге көлік жетпейтін кез болады.
– Егер жәшік толып қалса, киімді дүкенге апарып тапсыруға бола ма, ол үшін қайда хабарласуы керек?
– Иә, киімді дүкендердің өздеріне де киім тапсыруға болады. Дүкеніміз Бабатайұлы 4А мекенжайындағы «Amir» сауда орталығының 3-қабатында орналасқан. Күн сайы сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Одан басқа «Қырқыншы» станса жақта жаңа дүкен ашылды. Киім тапсырушыларға қойылатын талап бар: киім – киюге жарамды болуы керек. Сондықтан жуып тапсырса екен, үтіктеудің қажеті жоқ, майлы дақтың ізі болмауы керек. Түймесі түгел болуы шарт. Ең бастысы – киімде жағымсыз иіс болмасын. Өкінішке қарай, кейде адамдар көгеріп кеткен киімін тапсырады. Ондай киім бірден қоқыс полигонына жіберіледі.
Сұхбаттасқан Абылай Өмірәлиев, MNU студенті



