RUN FOR ONCOKIDS 2026: Кішкентай батырлар үшін бірге жүгірейік!
5 қыркүйек күні Astana Triathlon Park аумағында онкологиялық аурумен күресіп жатқан балаларды қолдауға арналған RUN FOR ONCOKIDS 2026 қайырымдылық марафоны өтеді.

Ізгі бастаманы онколог дәрігерлер ұйымдастырып отыр. Қайырымдылық шарасының басты мақсаты – қатерлі ісікпен күресіп жатқан балаларға және олардың ата-аналарына қолдау көрсету, оларға жігер сыйлап, жеңіске деген сенімін арттыру.
Баланың ауыр дертпен күресінде медициналық көмектің маңыздылығымен қатар, моральдық қолдау да ерекше орын алады. RUN FOR ONCOKIDS 2026 осы қолдауды сезіндіруге бағытталған. Жарысқа қатысқан әр адам кішкентай батырларға өздерінің бұл күресте жалғыз емес екенін көрсетеді.
«Сіздің әрбір қадамыңыз – кішкентай батырлардың жеңісіне жасалған қадам» деген ұстаныммен өтетін шараға кәсіби спортшылар ғана емес, қайырымдылыққа үлес қосқысы келетін кез келген адам қатыса алады.
Қатысушылар 1 және 5 шақырым қашықтықтардың бірін таңдай алады. Жүгіру арқылы әр адам балаларға үміт сыйлап, олардың қиын кезеңнен өтуіне рухани қолдау көрсете алады.
RUN FOR ONCOKIDS 2026 – бұл жай ғана жүгіру жарысы емес. Бұл – бір мақсатқа жұмылған жүректердің, мейірімділік пен жанашырлықтың, кішкентай батырларға деген үлкен қолдаудың символы.
Қайырымдылық жүгірісіне қатысу үшін oncokids.umc.org.kz сайты арқылы тіркелуге болады.



