Басты жаңалықҚоғам

Жыл басынан бері 757 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды

Астанада жыл басынан бері 757 мыңнан астам ағаш, бұта және көпжылдық гүл отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары елорданың барлық алты ауданын қамтып, жыл соңына дейін жалғасады.

Бүгінде елордада 4 млн-нан астам ағаш пен бұта өсіп тұр. Ал «Жасыл белдеу» аумағында тағы 14 млн-ға жуық ағаш пен бұта бар. Қалада жыл сайын кемінде 1 млн жаңа өсімдік отырғызу жоспарланған.

Елордада жаңа жасыл аймақтар да пайда болып жатыр. «Мыңжылдық» аллеясы абаттандырылып, «Нұрлы жол» вокзалы жағында оның жалғасы ретінде жаңа саябақ салынып жатыр. Қ.Сәтбаев көшесі мен Б.Момышұлы даңғылының қиылысында жаңа гүлзар ашылды. Елорда циркінің маңы да көгалдандырылып, тұрғындарға арналған демалыс орындары жаңартылды.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» гүлзарында 100 ағаш отырғызылды. Жалпы аумағы 6 гектар болатын бұл кеңістікте 2 мыңнан астам ағаш өседі. Ал ұзындығы 2,3 шақырымдық GreenLine жасыл желекжолының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр.

Көгалдандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы аясында да жалғасуда. Оның барысында саябақтар, гүлзарлар мен аулалар тазартылып, ағаштар мен бұталар отырғызылады. Жаңа көшеттермен қатар, қаладағы жасыл желекті суару, тыңайту және күтіп-баптау жұмыстарына да көңіл бөлінеді.

2026 жылдың соңына дейін Астанада 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті жаңарту жоспарланған.Соңғы жылдары елордада шамамен 500 саябақ, сквер, бульвар және аула аумағы абаттандырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button