Басты жаңалықТуризм

Әлем Астанаға назар аударды: елорда үздік туристік бағыттар қатарына енді

Астананың футуристік сәулеті әлемге танылды. Халықаралық Lonely Planet туристік басылымы Қазақстан астанасын Best in Travel 2027 топтамасына енгізіп, келесі жылы саяхаттауға ұсынылған әлемнің 50 бағытының қатарына қосты.

Best in Travel 2027 тізіміне Lonely Planet сарапшылары таңдаған 25 туристік бағыт пен 25 ерекше туристік әсер енген. Астана «Best for futuristic skylines» санатында ұсынылып, заманауи сәулетімен ерекшеленетін қала ретінде аталды.

Басылым авторлары елорданың ерекше келбетіне, заманауи ғимараттары мен сәулеттік шешімдеріне назар аударған. Қаланың көрнекті нысандары қатарында «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» Орталық концерт залы және басқа да сәулет нысандары аталған.

Бірнеше онжылдық ішінде Астана заманауи сәулет пен ұлттық нақышты үйлестірген өзіндік қалалық келбетін қалыптастырды. Бүгінде елордада сәулетімен ерекшеленетін ғимараттар, кең қоғамдық кеңістіктер мен демалыс орындары қатар орналасқан.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның өзі де Lonely Planet басылымының Best in Travel 2025 топтамасына енген болатын. Ал 2027 жылғы тізімде Астана жеке туристік бағыт ретінде ұсынылды.

Халықаралық топтамаға ену елорданың туристік мүмкіндіктерін әлемге танытып, шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттыруға жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button