Автобуспен жүру ақысы қымбаттауы мүмкін: жаңа тариф ұсынылды

Астанада қоғамдық көлікте жолақы құнын көтеру ұсынылды. Жаңа тарифке сәйкес, қалалық автобустарда электронды төлеммен жүру ақысы 110 теңгеден 150 теңгеге дейін, ал қолма-қол ақшамен төлегенде 300 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Өзгерістерді 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімдік әзірлеген қаулы жобасында қоғамдық көліктің түрі мен төлем тәсіліне қарай жаңа тарифтер белгілеу ұсынылған.
Жаңа тарифтер қандай болады?
- Қалалық автобустар: электронды төлеммен – 150 теңге, қолма-қол ақшамен – 300 теңге;
- Жедел қалалық автобустар: электронды төлеммен – 300 теңге, қолма-қол ақшамен – 400 теңге;
- Қала маңындағы бағыттар: электронды төлеммен әр шақырымға – 13 теңге, қолма-қол ақшамен – 19 теңге.
Қала билігінің мәліметінше, жеңілдігі бар көлік карталары арқылы тегін жүру тәртібі сақталады. Сондай-ақ электронды жолақы төлеу жүйесі істен шыққан жағдайда электронды төлемді пайдаланатын жолаушылар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Айта кетейік, жаңа тарифтер әзірге ұсыныс ретінде қарастырылып отыр. Қаулы мемлекеттік тіркеуден өтіп, ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енуі тиіс.



