Ту мен шоколадтан бастап марапаттарға дейін: Астанада Республика күні қалай өтті?
Астанада Республика күніне орай 120-дан астам мәдени, спорттық, экологиялық және әлеуметтік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаға қала тұрғындары мен қонақтары, жастар, оқушылар және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Мерекенің ерекше бастамаларының бірі – «Менің Қазақстаным» патриоттық челленджі. Қатысушылар әлеуметтік желілерде Отанға деген сүйіспеншілігін, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызын жеткізетін бейнеқұттықтаулар жариялады.
Астанаға келген туристер де мерекелік көңіл күйге бөленді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері халықаралық әуежайда шетелдік қонақтарға Қазақстанның мемлекеттік тулары мен шоколад таратып, жылы қарсы алды.
Елорда мектептерінде Республика күнінің тарихы мен маңызына арналған сынып сағаттары, пікірсайыстар, викториналар мен зияткерлік ойындар өтті. Оқушылар «Менің елім – Қазақстан» атты сурет байқауына да қатысты.
Мерекелік бағдарлама аясында Достық үйінде ғылыми-сараптамалық конференция, мемлекеттік архивте «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу ұйымдастырылды. Ал қаланың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында концерттер мен шығармашылық кездесулер өтті.
Сонымен қатар елордада көрмелер, әдеби кештер, семинарлар, дөңгелек үстелдер және әлеуметтік акциялар ұйымдастырылды.
Республика күні қарсаңында көпбалалы аналарға да құрмет көрсетілді. Оларға көпбалалы аналарға арналған «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
Осылайша, елордадағы мерекелік іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, патриотизмді нығайтуға және қоғамның түрлі буындарын ортақ мереке аясында біріктіруге бағытталды.



