ДенсаулықҚоғам

Елімізде әрбір төртінші дәрі-дәрмектің бағасы төмендеген

 

Қазақстанда тіркелген 3 мыңнан астам дәрілік препараттың 799 атауының бағасы төмендеген. Бұл жалпы дәрі-дәрмек түрлерінің 26 пайызына тең.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрліктің дерегінше, елдегі дәріханалар мен дәріхана пункттерінің саны 6 пайызға артып, 10 мыңнан асқан. Олардың 3 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

Дәріханалардағы қызмет сапасын арттыру мақсатында тиісті дәріханалық практика стандарттары енгізіліп жатыр. Соңғы екі жылда осы стандарттарға сәйкестігін растаған дәріханалардың саны 34 пайызға өскен. Қазіргі уақытта елдегі әрбір үшінші дәріхана GPP стандарттарына сәйкес келеді.

Сонымен қатар дәрілік препараттарды тіркеу рәсімдері оңтайландырылып, цифрлық форматқа көшірілген. Нәтижесінде тіркелген дәрілер мен медициналық бұйымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,4 мыңнан астам атауға көбейіп, 22 мыңға жеткен.

2026 жылдың тоғыз айында дәрілік препараттарды сату көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артқан. Ал отандық дәрі өндірісі 13 пайызға өскен.

Дәрі-дәрмектің айналымын бақылау үшін цифрлық таңбалау жүйесі де қолданылып келеді. 2026 жылы жүргізілген мониторинг барысында 788 субъектіден заңбұзушылық анықталған. Олардың қатарында тегін берілетін препараттарды дәріханаларда сату және дәрілерді белгіленген шекті бағадан қымбат өткізу жағдайлары бар.

Министрлік қабылданған шаралардың нәтижесінде дәріханаларда тегін дәрілерді заңсыз сату жағдайлары 20 есе азайғанын хабарлады.

Дәрілік заттардың бағасы мен қолжетімділігіне қатысты ақпаратты азаматтар eGov Mobile және «Нақты өнім» қосымшалары арқылы тексере алады. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button