Қоғам
Басты тақырып

Астанада бауырлас Түркияның Республика күні салтанатпен аталып өтті

Елордада Түркия Елшілігінің ұйымдастыруымен Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті. Шараға министрлер, дипломаттар мен қала меймандары қатысты, деп хабарлайды Astanalife.kz порталы.

Жиында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның видеоқұттықтауы ұсынылды. Өз құттықтауында Түркия басшысы елінің қазіргі қарқыны мен даму бағытына тоқталып: «Біздің республикамыз – тарихы даңқты жеңістерге толы түрік халқының тәуелсіздікке деген ерік-жігерінің ең айқын белгісі. Түркия бүгінде кешегіден де қуатты. Ертең бұдан да күшті, халықаралық беделі жоғары әрі барлық салада ықпалды мемлекет болатынына сенеміз. Біз бейбітшілік мен әділдік жолындағы күш-жігерімізді жалғастырамыз», – деп атап өтті.

Түркия Елшісі Мұстафа Капуджу жиналғандарды маңызды мерекемен құттықтап, екі елдің достығы туралы айтты.

«Тарих бізді әлемнің әр қиырына жетелегенімен, ешқашан жат болған емеспіз. Бізді біріктіретін – ортақ тарихымыз, тіліміз пен дәстүріміз. Сондықтан да 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте оның егемендігін әлемде бірінші болып Түркияның мойындауы айрықша мәнге ие. Бұл жай ғана дипломатиялық шешім емес, ғасырлар өткен соң бауырлас екі елдің тарихи қауышуының нышаны еді», – деп атап өтті.

Сондай-ақ ол Астана мен Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.

ҚР Экология министрі Әлібек Қуантыров та екі ел ынтымақтастығына тоқталып:

«Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындауы қос ел дипломатиясындағы айрықша оқиға болды. Біздің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті түркі елдерінің бірлігін арттыруда маңызды қадам болды», – деді.

Мерекелік кеш «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің концертімен және түрік ұлттық асханасының дәмді тағамдары ұсынылған қабылдаумен аяқталды.

Айта кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ТМҰ саммитіне барған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button