Мемлекет басшысы қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейтуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің білім беру, мәдениет және цифрлық технологиялар саласындағы қолданысын кеңейту қажеттігін айтты.
Президент бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуы елдің экономикалық және технологиялық жетістіктерімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру барша азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді.
Президент келтірген деректерге сәйкес, биыл мектеп табалдырығын аттаған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданған.
Бұдан бөлек, өткен жылы Қазақстанда жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл өндірілген 71 фильмнің 63-і мемлекеттік тілде түсірілген.
Тоқаев цифрлық кеңістікте сапалы қазақша контентті көбейтіп, қазақ тіліндегі ұлттық цифрлық дерекқорды қалыптастыру маңызды екенін айтты.



