Отандық қатерлі ісікке қарсы препарат 2027 жылы нарыққа шығуы мүмкін
Қазақстандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы алғашқы отандық препаратты 2027 жылдың ортасында нарыққа шығару жоспарланып отыр.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, препаратты әзірлеу мерзімінің ұзаруына клиникалық зерттеулерге қойылатын қатаң талаптар себеп болған.
Қазіргі уақытта дәрілік зат клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінен сәтті өтті. Енді зерттеушілер екінші кезеңге дайындық жүргізіп жатыр.
Жоба толық аяқталғаннан кейін препаратты нарыққа кезең-кезеңімен шығару жоспарланған.
Айта кетейік, отандық ғалымдар әзірлеген бұл препарат 2024 жылы клиникалық сынақтардың бастапқы екі кезеңінен сәтті өткен болатын. Ендігі міндет – оның тиімділігі мен қауіпсіздігін қосымша зерттеулер арқылы растау.
Жоба сәтті жүзеге асса, Қазақстанның фармацевтика және медициналық ғылым саласындағы маңызды жетістіктерінің біріне айналуы мүмкін.



