Басты жаңалықДенсаулық

Астанада шұғыл медициналық көмек көрсету инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр

Астанада медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған екі ірі жобаның құрылысы аяқталуға жақын. Олар – №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешен және №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жаңа жапсарлас ғимараты.

Ересектерге арналған жаңа кешен аурухананың екі корпусын бір жүйеге біріктіріп, науқастарды қабылдау, диагностикалау және шұғыл көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Мұнда заманауи операциялық бөлмелер, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері қарастырылған.

Сондай-ақ кешен компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтармен, ангиографпен және басқа да заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бірыңғай қабылдау бөлімінде науқастар жағдайының ауырлығына қарай тиісті бөлімдерге бағытталады. Жаңа нысан тәулігіне 900-ге дейін науқасты қабылдай алады.

Екінші жоба Р. Қошқарбаев даңғылы, 64 мекенжайында орналасқан №2 балалар ауруханасын кеңейтуге бағытталған. Мұнда қосымша ғимарат салынып, қолданыстағы нысан қайта жаңғыртылуда. Негізгі назар балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсету мүмкіндігін арттыруға аударылған.

Жоба аясында балаларды қабылдау, диагностикалау және алғашқы тексеруден өткізуге арналған қосымша бөлмелер ашылады.

Аталған жобалар жүзеге асқаннан кейін ауруханалардың науқастарды қабылдау мүмкіндігі артып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасалады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button