EXPO көрме орталығында «Жаңа жыл Fest» жәрмеңкесі басталды
Бүгін елордадағы басты көрме алаңы – EXPO халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1) көптен күткен «Жаңа жыл Fest» жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңке күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейінкелушілерге есігін айқара ашып отыр.
Бұл жәрмеңкеге 140-қа жуық қатысушы жиналған. Олардың қатарында отандық дизайнерлер, қолөнер шеберлері, сондай-ақ «Қазақстанның ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚҰ-ға мүше ата-аналар да бар. Мұнда қолдан жасалған бұйымдар, жаңа жылдық сыйлықтар мен кәдесыйлар, ойыншықтар, декор, зергерлік әшекейлер, киім-кешек, тоқыма өнімдері, түрлі тәттілер және тағы басқа ерекше дүниелерді табуға болады.
Сонымен қатар жәрмеңке қонақтары үшін бай мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған. Тақырыптық фотоаймақтар, түрлі шеберлік сабақтары, балалар қатысатын сұлулық байқаулары, концерттік бағдарлама, Аяз Ата мен Ақшақардың мерекелік қойылымдары, мультфильмдер көрсетілімі, бәрі бар. Бұған қоса, келушілер арасында жаңа жылдық сыйлықтарға толы 10 себет ойнатылады.
Жаңа жылдық көңіл күй сыйлайтын бұл жәрмеңкеге отбасымен барып, мерекенің атмосферасын сезінуге тамаша мүмкіндік.



