Мәдениет

Астанада Нәзір Төреқұлұлының ғұмырнамасына арналған мұражай ашылады

Астана, 24 қаңтар 2026 жыл

Елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының негізін қалаушылардың бірі Нәзір Төреқұлұлының ғұмыр жолына арналған мұражай ашылады. Осы айтулы оқиғаға орай 24 қаңтар күні «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиын өтеді.

Іс-шара барысында Нәзір Төреқұлұлына арналған мұражай мен оның кеуде мүсінінің ресми тұсаукесері жасалады. Сондай-ақ тұлғаның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін арқау еткен «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» деректі фильмі алғаш рет көрермен назарына ұсынылады.

Салтанатты жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, нәзіртанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Нәзір Төреқұлұлының ұрпақтары мен ағайындары, сондай-ақ азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар еліміздің әр өңіріндегі Нәзір Төреқұлұлы атындағы мектептердің делегаттары мен өкілдері де бас қосады.

Бағдарлама аясында «Нәзір Төреқұлұлы – Алаш қайраткері» атты ғылыми конференция өтіп, тұлғаның мұрасына арналған арнайы жинақ кітап жарық көреді. Бұдан бөлек, үздік оқушылар мен студенттерге Нәзір Төреқұлұлы атындағы қаржылық стипендиялар табысталады. Қатысушыларға Түркістандағы Нәзір Төреқұлұлы музейінің астаналықтар үшін ұйымдастырылған көшпелі көрмесі де ұсынылады.

Іс-шара соңында Нәзір Төреқұлұлының рухына арналған Құран бағышталып, ас беріледі. Бұл — ұлт тарихында өшпес із қалдырған қайраткердің рухына көрсетілген тағзымның бір көрінісі болмақ.

Аталған шараны «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қоры, Астана қаласы әкімдігінің Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы, сондай-ақ тұлғаның туған-туыстары мен жерлестері бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Салтанатты жиын 2026 жылғы 24 қаңтарда, сағат 10:00-де Астана қаласы, Абай даңғылы, 9/1 мекенжайында орналасқан Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінде өтеді. Ас беру «Мирас» мейрамханасының банкет залында (Қараменді би Шақаұлы көшесі, 2) ұйымдастырылады.

БАҚ өкілдері үшін алдын ала тіркелу міндетті. Байланыс телефоны: 8 778 442 84 13.

Басқа жаңалықтар

Back to top button