Спорт

Қысқы Олимпиадаға 9 күн қалды: Қазақстан атынан 36 спортшы бақ сынайды

Италияның Милан – Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін 2026 жылғы Қысқы Олимпия ойындарының басталуына 9 күн қалды. Төрт жылдықтың басты додасы 6–22 ақпан аралығында ұйымдастырылады.

Аталған аламанда Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы спорттың 10 түрі бойынша ел намысын қорғайды. Олимпиадаға Қазақстан атынан 36 спортшы жолдама алып отыр. Оның ішінде 18 ер және 18 әйел спортшы бар.

Ұлттық құраманың орташа жасы 25 жасты құрайды. Команда сапындағы ең жас спортшы — фристайл-акробатикадан өнер көрсететін Асан Асылхан, ол небәрі 16 жаста. Ал құраманың ең жасы үлкен әрі тәжірибелі спортшысы — шорт-трек өкілі Абзал Әжгалиев. Оның жасы 33-те.

Құрамадағы ең тәжірибелі спортшы, фристайл-могул шебері Юлия Галышева. Ол 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері, сондай-ақ 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарының қатысты.

Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпия ойындарына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Дүбірлі дода қысқы спорттың үздік өкілдерін бір аренада тоғыстырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button