Астанада туристерге арналған жасанды интеллект көмекшісі іске қосылды
Бас қалада туристерге арналған жасанды интеллект негізіндегі сандық ассистент іске қосылды. Туристер қажетті ақпарат пен қызметтерді жедел әрі ыңғайлы форматта ала алады.

Сандық ассистент http://Kazakhstan.Travel ресми туристік сайтына біріктірілген. Туристер платформаға кіріп, арнайы чат терезесі арқылы жасанды интеллект көмекшісіне сұрақ қойып, қажетті ақпаратты ала алады. Қосымша жүктеуді қажет етпейді, сервис веб-нұсқа арқылы жұмыс істейді. Алдағы уақытта мобильді қосымша нұсқасын іске қосу да жоспарланған.
Жасанды интеллект көмекшісі тәулік бойы жұмыс істеп, туристерге Астана қаласы мен Қазақстан өңірлеріндегі көрнекті орындар, мәдени және спорттық іс-шаралар, қонақүйлер, қоғамдық көлік, тамақтану орындары, экскурсиялар мен туристік бағыттар туралы мәлімет береді. Сонымен қатар пайдаланушының сұранысына сәйкес жеке маршруттар құрастырып, сапарды жоспарлауға көмектеседі.
Сервис бірнеше тілде ақпарат ұсынады, бұл шетелдік туристер үшін қолайлы. Болашақта турлар мен қызметтерді онлайн брондау мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты — туризм саласын цифрландыру, сервистік қызмет сапасын арттыру және Қазақстанды заманауи әрі қолжетімді туристік бағыт ретінде таныту. Мамандардың айтуынша, мұндай сандық шешімдер туристердің елге деген қызығушылығын арттырып, сапарды барынша ыңғайлы етеді.
Айта кетейік, туристерге арналған жасанды интеллект көмекшісі 1 ақпанда ресми түрде іске қосылды. Жоба пилоттық режимде Астанада басталып, алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізіледі.



