60 жастан асқандар мен жастарға теміржол билеттеріне жеңілдік енгізілді

60 жастан асқан азаматтарға ел ішінде теміржолмен сапарлауға 25 пайыздық жеңілдік қарастырылды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жеңілдікті пайдалану үшін ұлттық тасымалдаушының барлық пойыздарында жарамды QURMET дисконттық картасын рәсімдеу қажет. Карта иесіне купе, плацкарт және отыратын вагондарда орын санына шектеусіз билет сатып алуға мүмкіндік береді.
Картаның құны — 3000 теңге, жарамдылық мерзімі — 1 жыл.
Сонымен қатар жастар үшін KETTİK33 атты жаңа дисконттық карта енгізілді. Енді 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар купе вагондарындағы жоғарғы орындар мен отыратын вагондарға билеттерді 33% жеңілдікпен сатып ала алады. Бұл картаның да құны — 3000 теңге, жарамдылығы — 1 жыл.
«Дисконттық карталар иесінің атына рәсімделеді және үшінші тұлғалардың пайдалануына жол берілмейді. Картаны тек теміржол вокзалдарындағы “Жолаушылар тасымалы” АҚ билет кассаларынан алуға болады. Рәсімдеу үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және (қалау бойынша) электрондық пошта мекенжайы қажет», — делінген хабарламада.
Жеңілдіктер тек билет кассалары арқылы немесе bilet.railways.kz сайты арқылы сатып алынған билеттерге ғана қолданылады. Ал екінші деңгейлі банктердің платформалары арқылы алынған билеттерге дисконт қарастырылмайды.
Айта кетейік, жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңде ұсынылады. Алайда мерекелік және демалыс уақытында дисконттық карталардың қолданылуы уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда:
-
2026 жылғы 20–29 наурыз аралығы;
-
2026 жылғы 25–30 желтоқсан аралығы;
-
маусым–тамыз айлары.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан алуға болады.



