Денсаулық

Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істемейтін азаматтарды МӘМС жүйесінде есепке алу қағидаларын жаңартуды ұсынды

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде медициналық қызмет алушыларды есепке алу және жарналарды бөлу қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды. Жоба МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарды есепке алу мен жарналарды бөлудің жаңа тәртібін белгілейді.

— Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың медициналық көмек алу құқықтарын шектемей, бюджет жоспарлау дәлдігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған, — делінген құжатта.

Бұған дейін МӘМС туралы заңға сәйкес, егер жұмыс істемейтін азамат дағдарыстық жағдайда болып, соңғы үш ай ішінде зейнетақы жарналарын аудармаған болса, оның сақтандыру жарналарын мемлекет төлейтін.

— Енді мұндай тұлғалардың аумақтық тиесілігін нақтылау ұсынылады. Ол тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша анықталады. Бұл шығындарды дұрыс есепке алып, өңірлер арасындағы қаржылық жүктемені әділ бөлуге мүмкіндік береді, — деп атап өтілген құжатта.

Министрлік өкілдері өзгерістер азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігіне әсер етпейтінін баса айтты. Әлеуметтік осал санатқа жататын тұлғалар МӘМС жүйесінде бұрыннан сақтандырылған және алғашқы медициналық көмектен бастап мамандандырылған емге дейінгі қызметтердің толық көлемін алуға құқылы.

— Ұсынылып отырған түзетулер техникалық және нақтылаушы сипатта. Олар жүйенің басқарылуын жақсартуға бағытталған. Мемлекет медициналық көмекке аса мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерін толық көлемде орындай береді, — делінген құжатта.

Басқа жаңалықтар

Back to top button