
Елордадағы кофехана мәдениеті туралы сөз болғанда, Master Coffee атауы көпшілікке жақсы таныс. Бүгінде бұл желі тек кофеханаларымен емес, кофе өндірісі, бариста мектебі, жабдықтау және франчайзинг жүйесімен де ерекшеленеді. Осы жолдың қалай басталғанын, алғашқы қиындықтарды, атаудың қалай таңдалғанын және бүгінгі жетістіктері жайлы сұқбат құру үшін Master Coffee негізін қалаушылардың бірі Саят Данияровпен кездестік. (Астана, Иманов 50, wake up coffee)

– Қазір сіздер біздің ең алғашқы нүктемізде тұрсыздар. Бұл жер 2014 жылдың 17 маусымында ашылған.
– Алғашқы нүкте дәл осы жерде ашылуына не себеп?
– Бұл жердің орналасуы өте ыңғайлы болды. Мұнда ЕҰУ университеті жақын, ҚазҰУ да осы маңда. Алғашқы қонақтарымыз негізінен сол жақтағы студенттер болды. Жанында аялдама бар, адамдар көп жүретін жер. Сол кезде біздің формат мүлде басқаша еді. Кішкентай ғана takeaway форматындағы кофехана болатын.
– Ол кезде кофе мәдениеті енді дамып келе жатқан шығар?
– Иә, дәл солай. Адамдар тез кофе жасап алып кететін форматқа енді үйреніп жатқан уақыт. Біз баға жағынан да барынша ыңғайлы етіп жасадық. Сол кезде бір стақан кофе 250 теңгеден басталатын. Бар болғаны жеті шаршы метр еді. Шынымен өте кішкентай болатын. Мен және серіктесім екеуміз ұзақ уақыт іздеп жүріп таптық. Бірнеше ай бойы орын іздедік, жөндеу жұмыстарын да өзіміз жасадық. Барлығын өз қолымызбен бастап шықтық.

– Master Coffee атауын қалай ойлап таптыңыздар?
– Серіктесім Ернатпен ағылшын тілі курсында таныстым. Негізгі серіктесім сол. Түрлі атауларды қарастырдық. «Master Coffee» деген атау негізінен оның идеясы болды. Кофе саласында мықты маман болу, сапалы қызмет көрсету деген ниетпен осы атауға тоқтадық.
– Логотип сол кезден бері өзгерді ме?
– Иә, бастапқы логотип мүлде басқаша болды. Тек атауы және кофе стақанына ұқсас белгі болатын. Кейін 2022 жылы ребрендинг жасадық. Жаңа логотип пайда болды. Бұрынғы логотип есте жақсы сақталмайтын, сондықтан жаңарту қажет болды.


– Басында тек мына кішкентай бөлік қана болды. Адамдар кіріп, кофе алып кететін. Бір-екі орындық қана тұратын. Кейін біртіндеп кеңейттік. Алдымен осы жақты аштық, кейін ары қарай создық. Осылайша қазіргі форматқа жеттік.

– Кофе сатудан бөлек басқа бағыттарға қашан көштіңіздер?
– 2015 жылдан бастап басқа кофеханаларға кофе сата бастадық. Алдымен қағаз стақандар, кейін кофе, одан соң ескі кофе машиналарын Ресей мен Украинадан әкеле бастадық. Сөйтіп B2B форматқа көштік.
– Яғни басқа кофеханаларды да жабдықтадыңыздар ма?
– Иә. Біз Италия мен Ресейден кофе әкеліп, дистрибьютор болдық. Кофе, жабдықтар, аксессуарлар, бариста мектебі – барлығын дамыттық. Кейін өзіміздің өндірісті бастау керек екенін түсіндік.
2019 жылы өзіміздің roasting өндірісін бастадық. Оған дейін қаражат жинадық, арнайы ростер сатып алдық. Содан бері кофені өзіміз қуырамыз.

– Кофе сапасына қаншалықты мән бересіздер?
– Біз 100 пайыз арабика қолданамыз. Specialty coffee деңгейіндегі, cupping бағасы 85-тен жоғары кофелерді таңдаймыз. Бұл біз үшін өте маңызды.
– Қызметкерлердің формасындағы қазақша жазулар көпшіліктің назарын аударады. Бұл идея қалай пайда болды?
– Бұл бізге өте маңызды нәрсе. Формаларда «Қуат ал», «Саған арналған ғажап кофе», «Бізбен бірге бол» сияқты қазақша жазулар бар. Біз ұлттық реңкті сақтап, қазақ тілін күнделікті мәдениетке енгізгіміз келді.
– Жазғы сусындарыңыз да ерекше көзге түседі.
– Иә, әр жаз сайын жаңа сусындар шығарамыз. Түрлі түсті, сергітетін, жаздың дәмін сездіретін сусындар адамдарға қатты ұнайды. Жазда қолыңда сондай сусын ұстап жүргеннің өзі ерекше көңіл күй сыйлайды.
– Кухня бағытын қашан қостыңыздар?
– 2020 жылы үлкен нүкте ашқан кезде қостық. Таңғы ас, түскі ас форматын енгіздік. Бізде мәзір аса үлкен емес, бірақ қажетті әрі сапалы тағамдар бар.
Тұрақты сұраныстағы позициялар бар. Мысалы, тауық еті мен картоп, қазы қосылған таңғы ас өте танымал. Әсіресе «қазы завтрак» соңғы жылдары топтағы тағамдардың біріне айналды.
Круассандар мен витрина өнімдерін де көп бөлігін өзіміз дайындаймыз. Бізде өз наубайхана цехымыз бар – Master Baker. Круассандар, сэндвичтер және көптеген витрина өнімдерін өзіміз жасаймыз.
– Сіздің қызметкерлер ерекше сыпайы, тіртіпті келеді. Жұмысқа қабылдағанда неге мән бересіздер?
– Ең алдымен адамның құндылықтарына қараймыз. Стандарттарымызға сәйкес келуі керек. Бариста, менеджер, асүй қызметкерлері үшін әртүрлі талаптар бар. Көбінесе жастар мен студенттер жұмыс істейді. Үйретуді өзіміз қолға аламыз. Бізде бариста мектебі бар. Сол жерде оқытып, стандарттарға сай жұмыс істеуге үйретеміз.

– Асүй қызметкерлерін қалай дайындайсыздар?
– Көбінесе тәжірибелі аспаздарды алуға тырысамыз. Бірақ әр нүктеде стажировкадан өтеді. Алдымен сынақ мерзімі болады. Бас аспаз бен аға аспаздар өздері үйретеді, кейін шешім қабылдайды.
Командалық жұмыс. Серіктеспен ақылдасып жұмыс істеу өте маңызды. Біз әлі де үйреніп келеміз. Қателіктер де көп болды. Бірақ тоқтап қалуға болмайды. Бұл салада күн сайын өзгеріс болады, соған бейімделу керек.
– Оқыған негізгі мамандығыңыз қаржы саласы екен. Бұл бизнеске көмектесті ме?
– Иә, мен қаржы мамандығын оқыдым. Әрине, кейбір теориялық білім көмектесті. Бірақ практика мүлде бөлек. Нақты бизнесте көп нәрсені қайта үйренуге тура келеді.
– Кофе саласын таңдауыңызға не себеп болды?
– Бұл бағыт маған ұнады. Кофені жақсы көрдім, кофе мәдениетін дамытуға үлес қосқым келді. Міне, 12 жылдан бері осы жолдамыз.
Master Coffee тарихы – жай ғана кофехана ашу емес, бұл үлкен еңбектің, үздіксіз ізденістің және командалық жұмыстың нәтижесі. Бүгінде бренд тек кофе сатумен шектелмей, тұтас мәдениет қалыптастырып отыр. Осындай қажырлы еңбекте тұтас ұжымға тек табыс пен сәттілік тілейміз!
Автор: Айжан Алхабек



