Денсаулық

Қыздарды обырдан қорғайтын вакцина: Енді АПВ-ға қарсы екпе жасы кеңейтілді

Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация енді 14–17 жас аралығындағы қыздарға да қолжетімді болады. Бұл бастама жатыр мойны обырының және АПВ-мен байланысты қауіпті аурулардың алдын алуға бағытталған.

2026 жылғы 1 мамырдағы дерек бойынша, елімізде 11–13 жастағы қыздарға 398 мыңнан астам екпе салынған. Оның 248 мыңы бірінші дозаны, ал 150 мыңға жуығы екінші дозаны алған. Ең бастысы — вакцина алғандар арасында ешқандай жағымсыз жағдай тіркелмеген.

Тұрғындардың сұранысынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі вакцинация жасын кеңейту туралы шешім қабылдады. Енді 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздар АПВ-ға қарсы екпені тегін әрі ерікті түрде ала алады.

Екпе мектептегі медициналық кабинеттерде немесе емханаларда ата-анасының келісімімен жүргізіледі.

Дәрігерлердің айтуынша, АПВ-ға қарсы вакцина — жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Сондықтан мамандар ата-аналарды қыздарының болашағы мен денсаулығын бүгіннен қорғауға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button