Цифрлық қауіп күшейді: мамандар не кеңес береді?
«Банк қызметкерімін» деген қоңыраулармен ғана шектелмейтін алаяқтар енді заманауи технологиялардың көмегімен адамдардың сеніміне кіруге тырысады.

Интернет-алаяқтықтың тәсілдері жыл сайын күрделеніп келеді. Бұрын қылмыскерлер өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса, қазір жасанды интеллектіні пайдаланып, бейнеқоңырау шалып, тіпті туыстар мен таныстардың дауысын да көшіре алады.
Астана прокуратурасының мәліметінше, жыл басынан бері АНТИФРОД жүйесі арқылы алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін 19,6 мыңға жуық шот бұғатталған.
Кең таралған схемалардың бірі — мессенджерлер арқылы жасалатын қоңыраулар. Осындай жағдайлардың бірінде алаяқтар елорда тұрғынын депозиттегі қаражатын шешіп алып, «қауіпсіз сақтау» үшін курьерге беруге көндірген.
Мамандар аккаунттарды қосымша қорғау құралдарын пайдалануға, құпия кодтар мен құпиясөздерді ешкімге айтпауға және маңызды ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ жақын адамдармен арнайы құпия сөз келісіп қою да артық болмайды.



