Адам өміріне араша болатын жандарға алғыс айтылған күн
Күн сайын адам өмірі мен денсаулығы үшін еңбек ететін ақ халаттылар бұл жолы өздері құрметтің төрінен көрінді. Елордада медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті.
Астанада Медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өткен салтанатты кешке дәрігерлер, мейіргерлер және сала ардагерлері қатысты.
Мерекелік шара аясында ақ халаттылар қызыл кілеммен жүріп өтіп, арнайы естелік қабырғаға қолтаңбаларын қалдырды. Кейін кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.
Жиын барысында денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды. «Үздік дәрігер», «Үздік фельдшер», «Үздік педиатр» және басқа да кәсіби аталымдар бойынша үздіктер анықталды.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімхановтың айтуынша, биыл жыл қорытындысы бойынша сегіз номинация иегерлері марапатталған.
Мерекелік кеш медицина қызметкерлерінің еңбегіне алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айшықтады.



