Тағамнан уланудың алдын алу: маман кеңесі

Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты тағамнан улану қаупі де артады. Әсіресе тез бұзылатын азық-түліктерді дұрыс сақтамау немесе санитариялық талаптарды сақтамау салдарынан түрлі тағамдық инфекциялар жиілейді. Сондықтан мамандар қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, тағамнан улану – ластанған тағам арқылы ағзаға зиянды микроорганизмдердің түсуінен болатын жедел ауру. Көбіне оған сальмонелла, ішек таяқшасы және алтын түсті стафилококк сияқты бактериялар себеп болады.
«Тағамды сатып аларда оның жарамдылық мерзіміне, сақтау жағдайына және қаптамасының бүтіндігіне міндетті түрде назар аудару қажет. Тез бұзылатын өнімдерді бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдыруға болмайды. Ыстық күндері бактериялар өте жылдам көбейеді, сондықтан тағамды дұрыс сақтау – уланудың алдын алудың ең тиімді жолы,» – дейді маман.
Маманның айтуынша, ерекше қауіп төндіретін өнімдердің қатарына майонез қосылған салаттар, кремді кондитерлік өнімдер, тартылған еттен дайындалған тағамдар, құс еті, балық, теңіз өнімдері, жұмыртқа және түрлі жартылай фабрикаттар жатады. Сонымен қатар көкөністер, жеміс-жидектер мен көк шөптерді пайдаланар алдында міндетті түрде мұқият жуу қажет.
Соңғы жылдары тағам жеткізу қызметіне сұраныс артқан. Бұл ыңғайлы болғанымен, әсіресе жазда тағамның жеткізу кезінде дұрыс температурада сақталуы өте маңызды. Ал әлеуметтік желілерде танымал болған шикі теңіз өнімдерінен жасалған тағамдар мен үй жағдайында дайындалған консервілерді тұтыну ауыр улануға, тіпті ботулизмге әкелуі мүмкін.
«Тағамды тек сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз. Дайын тағамдарды мүмкіндігінше ұзақ сақтамай, бірден тұтынған дұрыс. Ас әзірлеу кезінде және тамақ ішер алдында қолды мұқият жуу, шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтау сияқты қарапайым ережелер көптеген қауіптің алдын алады» – деп атап өтті Айгүл Шағалтаева.
Маманның сөзінше, балалар, жүкті әйелдер, қарттар және иммунитеті әлсіз адамдар тағамнан улануға анағұрлым бейім келеді. Сондықтан олардың тамақтануына ерекше көңіл бөлген жөн.
Егер тамақтан кейін жүрек айну, құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік байқалса, өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.



