Денсаулық

Скринингтен өту үшін үш күн жұмыстан босатыласыз: жалақыңыз сақталады

Жұмыскерлер скринингтік зерттеулерден өту үшін жыл сайын үш жұмыс күніне дейін ақылы әлеуметтік демалыс ала алады.

Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Шәкенов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, скринингтік зерттеулер аурулардың алдын алу мен оларды ерте кезеңде анықтаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Ерте диагностика емдеуді дер кезінде бастап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге скринингтік тексеруден өту үшін әлеуметтік демалыс беруге міндетті. Бұл кезеңде жұмыскердің жұмыс орны мен орташа жалақысы толық сақталады. Аталған талап меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер үшін міндетті.

«Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес скринингтік зерттеулерден өту үшін берілетін демалыс әлеуметтік демалыстар санатына жатады. Жұмыскер күнтізбелік жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын әлеуметтік демалысты пайдалана алады. Бұл уақыт толық көлемде еңбек өтіліне есептеледі», – деді Мұрат Шәкенов.

Оның айтуынша, скринингтік зерттеулер денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес ұйымдастырылады. Белгіленген нысаналы топтарға кіретін азаматтар медициналық тексерулерден тегін өтеді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Егер жұмыс беруші заң талаптарын орындамаса немесе азаматтардан шағым түссе, мемлекеттік еңбек инспекторлары тиісті заң аясында шара қолданады.

Департамент өкілдері жұмыс берушілерге қызметкерлерді скринингтік тексерулерден өтуге арналған әлеуметтік демалыс алу құқығы туралы алдын ала хабардар етуді ұсынады.

Мұрат Шәкеновтің сөзінше, еңбек заңнамасын сақтау тек құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, ұйымдарда жауапты корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Ал скринингтен уақытылы өту азаматтардың денсаулығын сақтап, өмір сүру сапасын жақсартуға және еңбек әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button