10-сыныпта оқып жүріп, халықаралық қозғалыс президенті атанды
Астанадағы №71 мектеп-лицейінің оқушысы Айгерім Жиенбек мектеп қабырғасында жүріп-ақ халықаралық деңгейдегі көшбасшылар қатарына қосылды. 10-сынып оқушысы Earth Ambassadors («Жер амбассадорлары») халықаралық жастар қозғалысының президенті болып тағайындалды.

Айгерім қоғамдық қызметін сегізінші сыныпта бастаған. Алғашында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға көмектескен ол кейін қозғалыстың халықаралық қатынастар бөлімін үйлестірген. Осы кезеңде Эстония, Біріккен Араб Әмірліктері және Бразилия елшіліктерімен байланысты іс-шараларға қатысып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан.
Жас көшбасшының бастамалары экологиямен ғана шектелмейді. Ол португал тілі мен мәдениетін дәріптейтін тіл клубын құрып, гендерлік теңдік пен әйелдер құқығына арналған іс-шара ұйымдастырған.
Экологиялық жобаларда да Айгерімнің жетістіктері аз емес. Ол Pro Eco республикалық байқауында екінші орын алып, өз жобасын Қазақстанның Экология министріне таныстырған. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ағаш отырғызу акцияларына және дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдармен бірлескен экологиялық жобаларға қатысқан.
Қыркүйек айында Earth Ambassadors қозғалысының президенті атанған Айгерім енді жастардың бастамаларын қолдауға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және экологиялық мәдениетті дамытуға басымдық беріп отыр.
Айгерімнің жолы үлкен бастамаларға жас кезден-ақ қадам жасауға болатынын көрсетеді. Ол үшін мектептегі оқушы мәртебесі халықаралық жобаларға қатысуға, өз идеясын ұсынуға және қоғамға пайда әкелуге кедергі емес.



