Қоғам

600 миллион доллардан астам шетелдік инвестиция қорғалды

Ақмола облысында 600 миллион АҚШ долларынан асатын шетелдік инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кедергі болған мәселе шешілді.

Қазақстан прокуратурасының араласуымен халықаралық Zijin Mining компаниясының алтын өндіру фабрикасын салу жобасына қатысты рәсімдік мәселе реттелген.

Жоба аясында жылына 10 миллион тонна кен өңдеуге қауқарлы өндіріс орнын салу жоспарланып отыр.

Бастапқыда экологиялық рәсімдердің ұзаққа созылуы құрылыс жұмыстарының басталуын 2027 жылдың сәуіріне дейін кейінге қалдыруы мүмкін болған.

Осы жағдайға байланысты прокуратураның бастамасымен уәкілетті орган экологиялық бағалаудың оңайлатылған тәртібін қолдану туралы шешім қабылдады. Бұл ретте қоршаған ортаға қатысты талаптар сақталуы тиіс.

Жобаның іске асырылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке түсетін салық түсімдерін көбейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қажетті рәсімдердің аяқталуы мен инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы облыс прокуратурасының бақылауында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button