35 жылдық тарих, бір шаңырақ: Қаллеки театры мерейтойын атап өтті
Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры өзінің 35 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Мерейтойлық күн аясында театр тарихын ұлықтаған конференция, кітаптардың тұсаукесері, жаңа сахнаның ашылуы, портрет галереясының таныстырылымы және салтанатты шығармашылық кеш ұйымдастырылды.
15 қараша күні театрдың 35 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткен конференциядан басталды. Жиын барысында театрдың қалыптасу тарихы мен шығармашылық жолы кеңінен сөз болды. Сондай-ақ «Ұлттық театр» кітабы мен театр ұжымының шығармашылық құрамының өмір жолына арналған кітапшалардың тұсауы кесілді.
Мерейтойлық бағдарлама Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жалғасты. Сағат 12:00-де театрдың негізін қалаушы режиссер Жақып Омаров атындағы кіші сахнаның ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар көрнекті режиссердің жеке портреті таныстырылды.
Одан кейін театрдың аға буын актерлеріне арналған портрет галереясының тұсаукесері ұйымдастырылды. Бұл – қазақ сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер иелерінің еңбегіне көрсетілген құрмет.
Күннің екінші жартысында театр фойесінде актерлердің қызыл кілеммен салтанатты шеруі өтті. Ал мерейтойдың шарықтау шегі үлкен сахнада өткен шығармашылық кеш болды. Салтанатты кеште театрдың 35 жылдық тарихы, өнер жолындағы жетістіктері мен бірнеше буын актерлерінің еңбегі ұлықталды.
35 жылдық тарих – ұлт өнерінің шежіресі
Қаллеки театрының тарихы 1991 жылғы 15 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні театр шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы, режиссер Жақып Омаров сахналады.
1993 жылы театрға қазақ сахна өнерінің көрнекті өкілі Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. 1996 жылы ұжым Уфа қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде Шахмет Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясы арқылы алғашқы халықаралық жүлдесін иеленді.
Әр жылдары театрды Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев және Әзірбайжан Мәмбетов сынды қазақ театр өнерінің көрнекті тұлғалары басқарды. Олардың әрқайсысы шығармашылық ұжымның қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосты.
2011 жылы театрға «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілсе, 2020 жылы елорданың мәдени кеңістігін толықтырған жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ал 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Бүгінде театр репертуарында ұлттық және әлемдік драматургияның үздік туындылары бар. Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», Уильям Шекспирдің «Отелло», «Ромео мен Джульетта», сондай-ақ «Құнанбай», «Бопай ханым», «Жошы хан», «Парасат майданы», «Қан мен тер» сынды қойылымдар көрермен көңілінен орын алған.
Театрдың музыкалық қойылымдары симфониялық оркестр мен халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен ұсынылады. Шығармашылық ұжым ұлттық өнер дәстүрін сақтай отырып, заманауи сахналық ізденістерді де жалғастырып келеді.
35 жылдық мерейтой бір театрдың ғана емес, қазақ театр өнерінің қалыптасу жолын, сахна саңлақтарының еңбегі мен ұрпақтар сабақтастығын айшықтайтын маңызды белес. Қаллеки театрының бүгінгі жетістігі осы жылдар бойы сахнада тер төккен өнер майталмандары мен көрерменнің ортақ еңбегінің нәтижесі.



