Денсаулық

“Шетелдік пациент емге бізден артық төлеуі керек”

Астанада өткен GLOBALMEDKZ халықаралық көрмесінің ашылуында Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының мүшесі Нұргүл Тау бір маңызды ұсынысын айтты. Ол — Қазақстанда медициналық туризм өсіп
жатқан кезде өз азаматтарымыздың мүддесін қорғаудың маңызын айтты.

Депутаттың айтуынша, қазақстандық пациент шетелдікпен бір орынға таласпау керек. Көп елдерде бұл қалыпты тәжірибе: өз азаматтары медициналық қызметті жеңілдетілген бағамен алады, ал медициналық
туристер жоғары тарифпен төлейді. Бұл әдіс әрі біздің азаматтарға емнің қолжетімді болуына көмектеседі, әрі медициналық қызметті экспорттауға мүмкіндік береді.

GLOBALMEDKZ көрмесі жалпы Қазақстанның әлемдік медициналық нарықтағы орнын күшейту жолдары талқыланған үлкен алаң болды. Сарапшылардың айтуынша, 2033 жылға қарай әлемдік медтуризм нарығы
700 млрд долларға дейін өседі. Қазақстанға қызығушылықтың артуына бірнеше себеп бар: JCI халықаралық аккредитациясы бар 9 клиника, жоғары технологиялы операциялардың дамуы және күрделі емдердің
шетелге қарағанда әлдеқайда қолжетімді болуы.

Депутат еліміздің осы салада табысқа жетуі үшін халықаралық стандарттарды ұстанып, шетелдік пациенттерге бағытталған клиникаларды қолдау және өзіміздің медициналық технологияларды
дамыту маңызды екенін айтты. Мысал ретінде ол қазақстандық ALEM технологиясын келтірді — ол донорлық ағзаларды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін жаңашыл жоба және шетелдік мамандардың да назарын
аударып отыр.

Көрменің ашылуы барысында түрлі панельдік сессиялар, технологиялық таныстырылымдар өтті, халықаралық делегациялармен кездесулер ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, GLOBALMEDKZ дің басты мақсаты — серіктестікті нығайту және қазақстандық медицинаны
әлемдік деңгейде танымал ету.

Басқа жаңалықтар

Back to top button