Денсаулық

Көз емдету үшін зейнетақы қаржысын шеше алмайсыз

Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін өтінім қабылдау 4 желтоқсаннан бастап тоқтады.  Ал оған  дейін жіберілген барлық өтінімдер жоспарға сай қаралады.

Бұл өзгеріс Денсаулық сақтау министрлігінің БЗТ пайдалану қағидаларына енгізген түзетулерімен байланысты. 2025 жылғы 3 желтоқсанда жарияланған жаңа бұйрыққа сәйкес, енді зейнетақы жинақтарын стоматологиялық, офтальмологиялық емге де қолдануға рұқсат берілмейді.

Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтінім жатыр.

Стоматологиялық қызметтерге өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан. Мәселен 15 қыркүйекке дейін бұл санат бойынша ай сайын орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеуден кейін бұл көрсеткіш 1264-ке дейін өсіп, 7 есе артқан.

Тексеру барысында банк қызметкерлері күмәнді жағдайларды да анықтаған. Мысалы бір офтальмологиялық клиникамен шарт жасаған әртүрлі адамдардан өтінімдер түскен, бірақ құжаттарда клиниканың түрлі қалалардағы әртүрлі мекенжайлары көрсетілген. Тексеру нәтижесінде аталған мекенжайларда мұндай клиникалардың жоқ екені белгілі болған.

Көз бен тісті емдеуге шектеу қойылғанымен БЗТ-ны әлі де маңызды және қымбат ем-шараларға пайдалануға болады.  Атап айтқанда:

  • орфандық ауруларды емдеу;
  • реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
  • радионуклидтік және радиойодтерапия;
  • радиохирургиялық емдеу;
  • протондық терапия.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button