ҚоғамЭкономика

Астанада МЭКС аясында қандай жұмыстар атқарылады

Астана қаласында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (МЭКС)аясында 2026–2029 жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Жобалар су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін қамтиды.

Су және кәріз жүйелері бойынша «Астана Су Арнасы» 2026–2029 жылдары жалпы ұзындығы 12,2 шақырымболатын су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыруды жоспарлаған. Жобаның жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта Халел Досмұхамедұлы көшесінде (Ақжол көшесінен Алаш көшесіне дейін) техникалық су құбыры желілерін реконструкциялау жобасы электронды платформада қаралуда.

Электр энергиясы саласында «Астана РЭК» АҚ елордадағы көппәтерлі тұрғын үйлерде электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін (АСКУЭ) енгізуді жоспарлап отыр. Жоба аясында қала бойынша 299 466 дана есептегіш құрал орнатылады. Инвестиция көлемі — 39,8 млрд теңге (ҚҚС-сыз). Аталған жоба да қазіргі уақытта электронды платформада тексеру кезеңінен өтуде.

Жылумен жабдықтау бағытында «Астана Теплотранзит» АҚ 2026–2029 жылдары жылу желілері мен сорғы станцияларын салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ жылу энергиясын есепке алу құралдарын орнату жұмыстарын жоспарлаған. Жаңартылатын жылу желілерінің жалпы ұзындығы 14,4 шақырым, ал инвестиция көлемі 35,6 млрд теңгені құрайды. Жобалар қатарында Ш. Қосшығұлұлы көшесіндегі жылу магистральдарын реконструкциялау, теміржол арқылы өтетін учаскелерді жаңарту және көппәтерлі тұрғын үйлерге жылу есептегіштерін орнату қарастырылған.

Бұған дейін ұлттық жоба аясында 2029 жылға дейін шамамен 8 миллион есепке алу құралын орнату және ауыстыру жоспарланғаны хабарланған. Сонымен қатар коммуналдық қызметтерді есепке алу құралдарына қойылатын бірыңғай стандарттарды жыл соңына дейін бекіту көзделген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button