Тәуелсіздіктің 35 жылдығы: Астана мерекені қалай атап өтеді?
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай елордада ауқымды мерекелік бағдарлама әзірленді. Астаналықтар мен қала қонақтарын театр премьералары, концерттер, көрмелер, спорттық жарыстар, танымдық кездесулер мен әлеуметтік акциялар өтеді.

Тәуелсіздік мерейтойына арналған 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың негізгі бөлігі желтоқсан айында өтеді.
Елордада 11 жаңа полиция пункті ашылады
16 желтоқсанға дейін Астананың алты ауданында 11 жаңа модульдік және учаскелік полиция пункті жұмысын бастайды.
Жаңа нысандар Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра, Сарайшық және Сарыарқа аудандарында орналасады. Есіл ауданында үш, Нұра, Сарайшық және Сарыарқа аудандарында екі-екіден полиция пункті ашылады. Алматы мен Байқоңыр аудандарында бір-бір пункттен пайдалануға беріледі.
Бұл бастама қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған.
Концерттер, көрмелер мен театр премьералары
Мерекелік бағдарламаның 60-қа жуық іс-шарасы мәдениет, білім, тарих және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналады.
4 желтоқсанда Достық үйінде Ethno Vision фестивалі өтеді. Онда елордадағы этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін ортаға салады.
10 желтоқсанда, елорданы көшіру күні Tarlan Astana станциясында «Төрдегі төл тарих» көрмесі ашылады.
11-12 желтоқсанда «Астана Балет» театрында «Қыз Жібек» балетінің премьерасы өтеді.
12 желтоқсанда Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Жан серігім домбыра», ал Qazaqconcert сахнасында «Алтын Орданың музыкасы» атты концерттер ұйымдастырылады.
14 желтоқсанда Президент орталығында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған конференция, «Алатау» спорт сарайында «Тәуелсіз елдің ұрпағымыз!» жастар фестивалі өтеді. Сондай-ақ елордалық филармонияда мерекелік концерт ұйымдастырылады.
15 желтоқсанда Күйшілер аллеясында дәстүрлі қазақ әндерін орындаушыларға арналған естелік тақта ашылады. М. Горький атындағы орыс драма театрында «Абай: ғасырлар даналығының шыңы» музыкалық-поэтикалық композициясының премьерасы өтеді.
Осы күні сағат 20:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Jaidarman TOP жобасының финалдық ойыны ұйымдастырылады.
16 желтоқсанда Астанада қандай іс-шаралар өтеді?
Тәуелсіздік күні елорданың мәдениет ошақтары қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы бағдарлама ұсынады:
- 12:00 – Қуыршақ театрында «Алдар көсемен таныссың ба?» ертегісі;
- 17:00 – Astana Opera театрында «Тәуелсіздік толғауы» мерекелік концерті;
- 18:00 – Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрда «Қажымұқан» спектаклі;
- 19:00 – Музыкалық жас көрермен театрында «Шәмші» мюзиклі.
Сонымен қатар Ұлттық музейде «Алтын Орда» көрмесі ашылады. Балалар кітапханалары мен мектепке дейінгі мекемелерде «Тәуелсіздік – бала көзімен» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарлама 18 желтоқсанда елордалық филармонияда өтетін «Ән шашу» концертімен жалғасады. Кеште Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың танымал туындылары орындалады.
Балалар мен жастарға арналған жобалар
3 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Ұлы даланың жеті қыры» балалар сурет байқауы өтеді.
8-14 желтоқсан аралығында студенттер арасында «Менің Тәуелсіз Қазақстаным» шығармашылық байқауы ұйымдастырылады.
10 желтоқсанда STUDENT UNITY жобасы аясында студенттік клубтар арасында пікірсайыс өтсе, 15 желтоқсанда «Білім парк» филиалында ROBOARENA робототехникадан қалалық жарысы ұйымдастырылады.
Елорда кітапханалары мен музейлерінде тарихи-танымдық кездесулер, әдеби кештер, көрмелер және музей марафоны өтеді.
Спорттық жарыстар
Астанада желтоқсан айында бірқатар спорттық дода өтеді:
- 8-12 желтоқсан – кикбоксингтен республикалық турнир;
- 12 желтоқсан – триатлоннан қалалық турнир, жалпы дене дайындығынан елорда чемпионаты және жазушылар мен журналистер арасында бильярд жарысы;
- 15 желтоқсан – таеквондодан ашық чемпионат;
- 16 желтоқсан – EXPO аумағындағы мұз айдынында балаларға арналған «Көңілді старттар»;
- 16-19 желтоқсан – Astana Open ашық турнирі;
- 18-20 желтоқсан – жеңіл атлетикадан Астана ашық чемпионаты.
Сондай-ақ шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты өтіп, жыл қорытындысы бойынша үздік спортшылар марапатталады.
Тәуелсіздіктің 35 жылына – 35 игі іс
Мерейтойға орай әлеуметтік желілерде де арнайы жобалар қолға алынады.
1 желтоқсаннан бастап «Менің Қазақстаным» онлайн-челленджін өткізу жоспарланған. Қатысушылар туған елге арналған бейнеқұттықтауларын, патриоттық өлеңдері мен шығармашылық жұмыстарын жариялай алады.
«35 жылдан кейін» фотобайқауы аясында қазақстандықтар 1991 жылы түсірілген суреттерін бүгінгі фотосуреттерімен салыстыруға мүмкіндік алады.
Ал «Тәуелсіздік куәгері» онлайн-челленджінде еліміздің тәуелсіздік алған тарихи сәтіне куә болған азаматтар өз естеліктерімен бөліседі.
Желтоқсан айында волонтерлер «Қамқорлық мекенжайлары» акциясы аясында жалғызбасты қарттарға тұрмыстық көмек көрсетеді. Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында мерекелік концерттер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар «35 игі іс» ұранымен экологиялық акциялар жалғасады.
Айтулы мереке қарсаңында елорда көшелері мемлекеттік тулармен, тақырыптық баннерлермен және шағын сәулет нысандарымен безендірілді. Ғимараттардың қасбеттерінде, LED-экрандарда және сауда-ойын-сауық орталықтарында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған мерекелік бейнероликтер көрсетіліп жатыр.



