Басты жаңалық
Басты тақырып

Елордада түрік киносы күндері басталды

Астаналық кино сүйер қауым үшін қарашаның соңғы күндері ерекше мәдени кештерге толы болмақ. 26–30 қараша аралығында елордадағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығының Chaplin кинотеатрында «Түрік киносы күндері» өтеді. Көрермендер ешқандай алдын ала тіркелусіз-ақ алты үздік түрік фильмін қазақша субтитрмен тегін тамашалай алады.

Мерекелік ашылу салтанатына қазақ көрермені сүйіп көретін «Ертұғырыл», «Шұңқыр» және «Жеңілтек» сериалдарының актерлері, сондай-ақ түрік режиссерлері мен сценаристері қатысты.

Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу түрік киносы бүгінде әлемге түрік тілі мен мәдениетін танытып отырғанын айтып, шараны ұйымдастыруға атсалысқан Гүндоғду мырзаға, Түркия Мәдениет министрлігіне, Қазақстан тарапына және көрермендерге ризашылығын білдірді.

Мұстафа Капуджу

Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының м.а. Аймахан Алтынбай өз кезегінде:

«„Қорқыт ата“ кинофестиваліне қатысқан туындымызға көрсеткен құрметтеріңіз үшін көп рақмет. Сондай-ақ Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлық шараларына қолдау көрсеткен түрік бауырларымызға, Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің лауазымды өкілдеріне шынайы алғыс айтамыз», – деп бауырластық байланыстың маңызын атап өтті.

Аймахан Алтынбай

Өтетін орны: MEGA Silk Way СОО, Chaplin кинотеатры.

Алдағы күндері қандай фильмдер көруге болады?

  • 27 қараша: Босфор кинофестивалінің жүлдегері «Beklenti» («Үміт») драмасы;

  • 28 қараша: «Mutluyuz Mu?» («Бақыттымыз ба?») комедиясы;

  • 29 қараша: Балаларға арналған «Rafadan Tayfa: Kapadokya» анимациялық фильмі;

  • 30 қараша: «Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр») романтикалық фильмі.

Еске салайық, фестивальдің алғашқы күнінде COP31 саммитінде таныстырылған «Diğerkam» қысқаметражды фильмі мен «Оскар» жүлдесіне ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» драмасы көрсетілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button