Медорталық ауруханасында сирек кездесетін жүйке ауруы бірегей эндоскопиялық әдіспен емделді

Медициналық орталық ауруханасының нейрохирургтері сирек әрі ауыр дерт саналатын гемифациалды спазмы бар науқасқа заманауи эндоскопиялық операцияны сәтті жасады. Аз инвазиялы әдістің нәтижесінде аурудың негізгі себебі толық жойылып, науқастың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас бірнеше жыл бойы бетінің сол жақ бөлігіндегі бұлшықеттердің өздігінен тартылуына шағымданып, тұрақты түрде дәрігер бақылауында болған. Ауру уақыт өте келе асқынып, күнделікті өміріне кедергі келтірген. Медикаментозды ем оң нәтиже бермеген соң, квота аясында хирургиялық араласу туралы шешім қабылданған.
— Бұл дерт науқасқа тек физикалық емес, психологиялық тұрғыда да үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан түбегейлі емдеу жолын таңдадық, — деді нейрохирург Әбубәкір Зұлпықаров.
Операция барысында бас сүйектің артқы бөлігі арқылы сол жақ бет нервісіне эндоскопиялық микроваскулярлық декомпрессия жасалды. Тексеру кезінде бет нервісінің артериялық қан тамырымен қысылғаны анықталып, хирургтер нервті тамырдан толық оқшаулады. Нәтижесінде аурудың басты себебі жойылды.
Аталған операцияның басты ерекшелігі — эндоскопиялық әдістің қолданылуы. Бұл тәсіл мидың терең әрі жетуі қиын аймақтарын анық көруге мүмкіндік береді. Кәдімгі микроскопиялық әдіспен салыстырғанда, эндоскоп кең көру аясын қамтамасыз етіп, жүйке мен қан тамырлары арасындағы жасырын қақтығыстарды дәл анықтауға жол ашады. Сонымен қатар бұл әдіс аз инвазиялы болғандықтан, тіндер аз зақымдалады, асқыну қаупі төмендеп, науқас тезірек қалыпты өміріне оралады.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқас алғашқы тәуліктен бастап белсенді қозғалып, неврологиялық жағдайы тұрақты болды. Бет бұлшықеттерінің тартылуы толық тоқтап, барлық шағымдар жойылған.
Мамандардың айтуынша, эндоскопиялық микроваскулярлық декомпрессия гемифациалды спазмды емдеудегі ең тиімді әрі заманауи әдістердің бірі саналады. Бұл сәтті операция Медициналық орталық ауруханасында нейрохирургия қызметінің жоғары деңгейде дамығанын және озық медициналық технологиялардың кеңінен қолданылып жатқанын айқын көрсетті.



