Денсаулық

Елордада денсаулық сақтау инфрақұрылымы кеңейтіледі: 11 жаңа нысан салынады

Соңғы 10 жылда елордада босану көрсеткіші 35%-ға артқан. Осыған байланысты қалалық акушерлік стационарларға түсетін жүктеме едәуір көбейіп, медициналық инфрақұрылымды кеңейту қажеттілігі туындады.

Аталған мәселені шешу үшін Астанада әрқайсысы 250 орынға арналған екі жаңа перинаталдық орталық салу жоспарланған. Оның алғашқысы «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, нысан 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал екінші перинаталдық орталық бойынша жобалау жұмыстары биыл аяқталып, құрылыс нысанын 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Жедел медициналық жәрдемді дамыту аясында №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы жақын уақытта аяқталады. Бұл жедел жәрдем қызметінің қолжетімділігі мен көрсетілу жылдамдығын арттырып, стационарлық көмектің негізгі орталықтарының біріне айналмақ.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен Сарыарқа ауданында №3 жаңа көпбейінді қалалық аурухананың жобалау жұмыстары жалғасуда.

Балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмек те басты назарда. 2026 жылдың 15 ақпанына дейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Нұра және Есіл аудандары үшін балаларға арналған травматологиялық пункт ашылады. Бұл оң жағалауда орналасқан қолданыстағы балалар травмпунктіне түсетін жүктемені азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, елордада денсаулық сақтау саласы бойынша 11 жаңа нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында республикалық орталықтар, көпсалалы ауруханалар, емханалар және қосалқы жедел жәрдем станциялары бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button