Денсаулық

Астанада балаларды жоспарлы түрде стационарға жатқызу тәртібі өзгертілді

 Енді балалар жоспарлы түрде ем алу үшін қызылшаға қарсы вакцинасы болған жағдайда ғана ауруханаға қабылданады. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қаулы қабылдады.

Шешім қалада қызылша ауруының күрт өсуіне байланысты қабылданды. Соңғы үш аптада Астанада 403 расталған жағдай тіркелген, науқастардың 96 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Ауру жұқтырған балалардың 95 пайызы екпе алмаған.

Қаулыға сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің екпе мәртебесі тексеріліп, ата-аналардың келісімімен вакцинация жүргізіледі. Сонымен қатар 6–10 айлық сәбилерге қосымша вакцина салынады.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарында таңғы сүзгі жүргізу, науқастарды оқшаулау және инкубациялық кезеңде жаппай іс-шараларға шектеу қою тапсырылды.

Вакцина алмаған және қызылша жұқтырған балалар қалай емделуде деген сұраққа Астана қаласы №3 көпбейінді балалар ауруханасы медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары, жоғары санатты педиатр  Өтегенова Роза жауап берді.

  • Қызылша жұқтырған балалар жағдайының ауырлығына байланысты емханада немесе ауруханада емделеді. Орташа және ауыр жағдайдағы науқас балалар, есепте тұратын, қосалқы аурулары бар балалар ауруханада ем алады. Себебі ауру өте ауыр түрде өтеді. Ал енді вакцина алу мәселесіне келсек алдымен баланы педиатр тексереді, дене қызуын өлшейді, есепте тұра ма, бұрын вакцина алған кезде қандай реакция болды, жалпы дәрі-дірмекке аллергиялық реакциясы бар ма, жоқ па? Осының барлығын тексерген соң барып вакцина салынады. Қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар егер басқа аурулар бойынша жоспарлы түрде ем алатын болса ауруханаға қабылданбайды. Ал қызылша жұқтырған балалар емханада болсын, ауруханада болсын ем алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button