АПВ-ға қарсы вакцинация – жатыр мойны обырынан қорғанудың тиімді жолы

4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні. Бұл күн қоғам назарын онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау және тиімді емдеу мәселелеріне аударуға бағытталған. Онкологиялық аурулардың алдын алу – ұлт саулығын сақтаудың маңызды аспектілерінің бірі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде жыл сайын 600 мыңнан астам жатыр мойны обырының жаңа жағдайы тіркеледі. Өкінішке қарай, олардың 340 мыңнан астамы жыл сайын осы аурудың салдарынан көз жұмады. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация. Бүгінде әлемнің 135 елі АПВ-ға қарсы вакцинаны ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізген.
Осыған орай, Астана қаласы коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Адам папиллома вирусының алдын алу: заманауи мүмкіндіктер» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Астанада АПВ-ға қарсы вакцинация қалай жүргізілуде?
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Қошмұхамбетқызы өз сөзінде елордада АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап Ұлттық егу күнтізбесі аясында басталғанын атап өтті. Вакцинация барысында АҚШ-та өндірілген «Гардасил» төрт валентті вакцинасы қолданылуда.
– 11–13 жас аралығындағы қыз балалар алты ай аралықпен екі кезеңде вакцинациялануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласында алғашқы екпемен барлығы 7 094 қыз қамтылды. Оның ішінде 11 жастағы 5 756 қыз, ал нысаналы топты қамту көрсеткіші 47,18% құрады, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, 2025 жылдың сәуір айынан бастап вакцинацияның екінші кезеңі басталған. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, екінші екпемен 8 035 қыз егілген, оның ішінде 11 жастағы 5 221 қыз бар. Қамту деңгейі 42,8% болды.
Вакцина арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік
Астана қаласы «Денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысының орынбасары Гүлназ Төленқызы жатыр мойны обыры вакцина арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік екенін ерекше атап өтті.
– Осыған байланысты елорда тұрғындарын 11 жастан 13 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларды АПВ-ға қарсы иммундауға алып келуге шақырамыз. Вакцинация толықтай тегін, дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін кез келген емханада жүргізіледі, – деді ол.
Астанадағы ахуал: статистика не дейді?
Астана қаласы әкімдігінің «№13 қалалық емхана» ШЖҚ МКК директоры, акушер-гинеколог дәрігер, профессор Жанерке Рахымбайқызы елордадағы жағдайға қатысты нақты деректермен бөлісті.
Оның айтуынша, 2023 жылы Астанада:
-
жатыр мойны обыры диагнозымен есепте 834 әйел тұрған (2022 жылы – 735),
-
жыл сайын 120-дан астам әйел осы дертке шалдығады,
-
өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1,9 құрайды.
Жатыр мойны обыры Астанада әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында 5-орында тұр.
АПВ неліктен қауіпті?
Маманның айтуынша, адам папиллома вирусының қауіптілігі бірнеше факторға байланысты:
-
жұқтырғандардың басым бөлігі ауруын білмейді;
-
мүшеқап вирустан толық қорғамайды;
-
жұқтыру қаупі өмір бойы сақталады;
-
ауру өмір сапасын төмендетіп, психологиялық күйзеліске әкеледі;
-
АПВ тек жатыр мойны обырын ғана емес, тері, бас пен мойын, аногенитальды ісіктердің дамуына себеп болуы мүмкін.
Болашақ үшін жасалған маңызды қадам
Жатыр мойны обыры – вакцинация арқылы алдын алуға болатын онкологиялық ауру. Соңғы жылдары қыздарына вакцина салдыруға келісім беретін ата-аналардың санының артуы – көңіл қуантатын үрдіс. Бұл – қоғамның денсаулыққа деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.
Вакцинация арқылы біз келешекте дені сау, ұзақ өмір сүретін аналардың санын көбейтіп, ұлт саулығын нығайта аламыз.



