Демалыс

Наурыз life: Наурызнама – ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғыртатын маңызды бастама

Бүгін Наурызнама онкүндігі аясындағы ерекше күндердің бірі – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге арналған. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың санасына ұлттық болмысты сіңіруге және дәстүр сабақтастығын сақтауға үлкен ықпал етеді.

Ежелгі дәуірден бері Наурыз мейрамы бірнеше күн бойы аталып өткен. Қазіргі кезде де мемлекет бұл дәстүрді жаңғыртып, Наурызнаманы онкүндік форматта ұйымдастырып отыр. Әр күннің өзіндік атауы мен мазмұны бар. Бұл бастама мерекені тек ойын-сауық деңгейінде емес, идеологиялық әрі мәдени тұрғыдан да жүйелі түрде өткізудің тиімді жолына айналып келеді.

Мамандардың пікірінше, кез келген мейрам сол ұлттың болмысын, өнерін және өмір салтын айқындайды. Сондықтан Наурызнама күндері жастарға ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Бұрын кейде мерекені даңғаза түрде өткізіп, оның мән-мағынасына терең үңіле бермейтін жағдайлар болған. Ал қазір әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, бір жүйеге түсіп келе жатқандай.

Жалпы, өнер мен мәдениет – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Ұлттың ерекшелігін де көбіне өнері арқылы тануға болады. Өйткені адамдардың өмір сүру деңгейі, даму тарихы көптеген елдерде ұқсас болуы мүмкін. Ал мемлекеттің ұлттық болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі – оның мәдениеті мен өнері. Қазақ халқы үшін бұл – ұлттық кодтың ажырамас бөлігі. Сондықтан мәдениет пен өнер ұрпақ тәрбиесінде де, мемлекет беделін нығайтуда да маңызды рөл атқарады.

Наурызнама аясында ұлттық дәстүрлермен қатар қолөнердің де кеңінен насихатталып жатқаны байқалады. Соңғы жылдары Қазақстанда қолөнерге деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Көптеген адамдар ұлттық өнермен шұғылдануға ұмтылып, ата-бабадан қалған мұраны жаңғыртуға талпынып келеді. Бұл үрдіс ұлттық мәдениеттің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Дегенмен мамандар бұл бағытта кейбір мәселелерге де назар аудару қажет екенін айтады. Мәселен, соңғы уақытта ұлттық ою-өрнектердің қолданылуына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбір коучтар ою-өрнектің мағынасы мен қолданылуын тым күрделендіріп, «бұлай қолдануға болмайды» деген шектеулер қойып жатады. Тіпті кей жағдайда ою-өрнекке ерекше мистикалық сипат беріп, оның «киесі бар» деген түсініктерді де алға тартады.

Ал шын мәнінде, ою-өрнек – ең алдымен мәдени әрі тілдік элемент. Қазақ халқы ою-өрнекті тұрмыста кеңінен қолданған. Сырмақ пен кілемнің бетінде, киіз үйдің элементтерінде, тұрмыстық бұйымдарда, киім-кешекте, тіпті сәулет өнерінде де ою-өрнек кеңінен пайдаланылған. Бұл – қазақ мәдениетінің басты ерекшеліктерінің бірі.

Қазақ ою-өрнектерінің басым бөлігі табиғаттан алынған. Мысалы, қошқармүйіз, түйетабан, аймүйіз, құсқанат, құсмұрын, құстұмсық, ботагөз сияқты көптеген оюлардың атауы табиғаттағы пішіндер мен жануарлардан бастау алады. Яғни, бұл өрнектер – табиғаттың көркем бейнесін мәдениет арқылы жеткізудің бір тәсілі.

Сондықтан мамандар ұлттық мұраны жаңғырту кезінде ата-бабаның дәстүрлі тәжірибесіне сүйенудің маңызын атап өтеді. Ою-өрнекті шектемей, оның табиғи қолдану аясын сақтай отырып, сәндік әрі эстетикалық элемент ретінде пайдалану – ұлттық мәдениетті дамытуға жол ашады. Ең бастысы, кез келген дүниеде этика мен эстетиканы сақтай білу.

Осы тұрғыдан алғанда, Наурызнама аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ұлттық мұраны жаңғыртып қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды алаңына айналып отыр. Мұндай бастамалар жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, қазақ мәдениетінің өміршеңдігін қамтамасыз етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button