Астанада 11 жаңа медициналық нысан салынады
Алдағы жылдары Астанада 11 жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында аурухана, емханалар, жедел жәрдем станциялары және перинаталдық орталықтар бар.

Астанада алдағы бірнеше жыл ішінде 11 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Жоспарға 300 орындық көпсалалы аурухана, сегіз заманауи емхана және екі жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясын салу кіреді. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын нығайту мақсатында екі жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы қолға алынбақ. Оның бірін 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Қазіргі уақытта №2 қалалық көпсалалы аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Нұрлы жол вокзалы маңында жаңа емхана жұмысын бастап, Тельман тұрғын алабында тағы бір емхана салынып жатыр.
Жаңа медициналық нысандар елорда тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.



