Қоғам

Жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Астанада жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеліп, жүргізушілерге айналма жолдармен жүруге тура келеді. Қала әкімдігі жолдардың қашан ашылатыны және ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысы туралы мәлімет берді.

Қазір жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Алматы көшесінде көлік тоннелін салу. Ол Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жобада ұзындығы шамамен 800 метр болатын, екі бағытта төрт жолақты тоннель қарастырылған. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Сығанақ және Айтматов көшелерінің жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына шектеу қойылған. Бұл Tarlan Astana жобасының екінші кезегінің құрылысымен байланысты. Жолдың қашан ашылатыны әзірге нақтыланбаған.

Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық құрылысы да жалғасуда. Бейсекова көшесінің Қосшығұлұлы көшесінен Тілендиев даңғылына дейінгі бөлігін қазан айының соңына дейін ашу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта инженерлік желілердің құрылысы 90 пайызға аяқталған.

Сондай-ақ Балқантау және Қордай көшелерінің кейбір учаскелерінде де көлік қозғалысы уақытша тоқтатылған.

Жыл соңына дейін тағы қандай жолдар ашылады?

2026 жылдың соңына дейін бірнеше көше учаскесінде көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Олардың қатарында:

  • Б. Соқпақбаев көшесі – Қ. Құмісбеков көшесінен Ш. Бейсекова көшесіне дейін;
  • Е36 көшесі – Е15 көшесінен Сығанақ көшесіне дейін;
  • Е68 көшесі – А. Бектұров көшесінен Төле би көшесіне дейін.

Биыл қалада 50-ге жуық жол нысанында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 15 шақырым жолды салып, пайдалануға беру көзделген.

Жол жұмыстарына байланысты №17, 18 және 85 автобус маршруттарының қозғалыс сызбасы да уақытша өзгертілген. Қала әкімдігі көлік қозғалысын реттеу үшін бағдаршамдардың жұмыс режимін өзгертіп, интеллектуалды көлік жүйесін пайдаланып отыр.

Жол жөндеу жұмыстары аяқталған сайын учаскелер кезең-кезеңімен ашылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button