Қазақстанда 494 түрлі дәрі-дәрмек өндіру жоспарланып отыр

Қазақстанда отандық фармацевтика өндірісін кеңейту аясында 494 атаудағы дәрілік препарат шығару жоспарланып отыр. Жоба сегіз ірі инвестициялық бастама негізінде жүзеге асырылады.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 391,3 млрд теңгені құрайды. Оларды іске асыру нәтижесінде 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Дәрі-дәрмек өндірісі кезең-кезеңімен жолға қойылады. Атап айтқанда, 2027–2030 жылдары 300 атаудағы препарат, ал 2031–2034 жылдары тағы 194 атаудағы дәрі өндіру жоспарланған.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында Қазақстанда 157 млрд теңгенің фармацевтикалық өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары.
Соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция көлемі 3,3 есе, ал экспорт көлемі 1,9 есе өскен. Қазақстанда өндірілген дәрі-дәрмектер негізінен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Молдоваға экспортталады.
Қазіргі уақытта отандық өндірушілердің елде сатылатын дәрілік препараттардың жалпы қаптама санындағы үлесі 42 пайызға жеткен. Ал бірыңғай дистрибьютордың сатып алу көлеміндегі отандық өнімнің үлесі 79 пайызды құрайды.
Жаңа инвестициялық жобалар фармацевтика саласының өндірістік әлеуетін арттырып, Қазақстанның дәрі-дәрмек импортына тәуелділігін төмендетуге бағытталған.



