Гарри Поттер әлемін еске түсіретін қысқы қалашық ашылады
1 желтоқсанда елордада Wonderland Astana қысқы қалашығы келушілерге есігін айқара ашады. Биылғы маусымның басты жаңалығы – әйгілі «Хогвартс экспресі» пойызына ұқсатып безендірілген ертегі пойызы. Қысқы демалыс кеңістігінде мұз айдыны, биік сырғанақтар, аттракциондар мен түрлі ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді.

Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған Wonderland Astana елордалықтардың сүйікті қысқы демалыс орындарының біріне айналып келеді. Әсіресе балалар үшін бұл – ертегі әлеміне еніп, қысқы демалысты ерекше әсермен өткізуге мүмкіндік беретін мерекелік кеңістік.
Биыл ұйымдастырушылар келушілерге арналған ойын-сауық түрлерін көбейтіп, жаңа тақырыптық нысандар әзірлеген. Қалашық аумағында шамамен 1 800 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны, биіктігі 6-8 метр, ұзындығы 50 метрден асатын үш қатарлы сырғанақ орналасады. Сонымен қатар ойын алаңдары мен түрлі аттракциондар жұмыс істейді.
Биылғы ең ерекше жаңалықтардың бірі – Гарри Поттер фильмдеріндегі әйгілі «Хогвартс экспресін» еске түсіретін ертегі пойызы. Оған арнап Лондондағы Кингс-Кросс вокзалына ұқсас арнайы станция салынады. Келушілер фильм атмосферасында безендірілген пойызға отырып, шағын саяхатқа шыға алады.
Қысқы қалашықта қонақтардың жайлылығы да ескерілген. Атап айтқанда, жылы жабық орындар, кафелер, фуд-корттар мен гриль аймағы қарастырылған. Осылайша, мұнда балалар да, ересектер де уақытын қызықты әрі жайлы өткізе алады.
Ұйымдастырушылардың болжамынша, биылғы қысқы маусымда Wonderland Astana қалашығына миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Бұл нысан елорда тұрғындарымен қатар, қала қонақтары мен туристер үшін де тартымды демалыс орны болмақ.
Қысқы қалашықтың жұмыс уақыты:
- Дүйсенбі–жұма: 11:00–00:00;
- Сенбі–жексенбі: 10:00–00:00.
Wonderland Astana 1 желтоқсаннан бастап жұмысын бастайды. Елордада қысқы ертегіге саяхаттауға асыққан балалар мен ата-аналарды биыл да ерекше мерекелік атмосфера күтіп тұр.



