Астанада 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейтін ірі өнеркәсіптік парк бар
Елорда өнеркәсіптік орталық ретіндегі әлеуетін арттырып келеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Астанада 3,1 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген.
Қаладағы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 95 пайызы өңдеу секторына тиесілі. Оның ішінде металлургияның үлесі – 61,2 пайыз, машина жасау саласы – 19,5 пайыз.
Қазіргі уақытта Индустриялық парк №1 аумағында жалпы құны 369 миллиард теңгеден асатын 145 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 103-і жұмыс істеп тұр, тағы 42 жоба іске асыру кезеңінде.
Кәсіпорындарда 8 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ал Индустриялық парк №2 аумағында 2029 жылға дейін 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Жоба аясында 100-ден астам кәсіпорын ашылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.



