
1 қарашадан бастап Қазақстанда шетел азаматтарына арналған QazETA электронды рұқсат жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылды.
Жүйе Қазақстанға визасыз келе алатын 85 елдің азаматтарына арналған. 2027 жылғы 30 маусымға дейін өтпелі кезең белгіленген. Осы уақыт аралығында QazETA рұқсатының болмауы елге кіруден бас тартуға негіз болмайды.
Рұқсатты қалай алуға болады?
-
QazETA платформасы немесе мобильді қосымша арқылы тегін рәсімдеуге болады.
-
Өтінішті сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын беру ұсынылады.
-
Рұқсат 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.
Жүйе қай жерде тексеріледі?
Алғашқы кезеңде QazETA Ақтау әуежайында және «Үрлітөбе», «Аухатты», «Атамекен», «Нұрлы жол» автомобиль өткізу бекеттерінде қолданылады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйе Астана мен Алматы әуежайларында, ал 1 наурыздан бастап қалған өткізу бекеттерінде енгізіледі. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап QazETA рәсімдеу міндетті болады.
Кімдерге рұқсат алу қажет емес?
-
16 жасқа дейінгі балаларға;
-
65 жастан асқан азаматтарға;
-
Қазақстанның қолданыстағы визасы бар шетелдіктерге;
-
Қазақстанда уақытша тұруға рұқсаты (УТР) немесе тұруға ықтиярхаты бар адамдарға;
-
әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын жолаушыларға.
Сонымен қатар 1 қарашадан бастап Қазақстан азаматтарына Бельгия, Нидерланд және Люксембургке қызметтік паспортпен визасыз баруға мүмкіндік беретін келісім күшіне енді. Бұл жеңілдік әзірге қарапайым паспорт иелеріне қатысты емес.



