Туризм

Астанадан Құлжаға тікелей әуе рейсі ашылады

Астана мен Қытайдың Инин (Құлжа) қаласы арасында жаңа тікелей әуе қатынасы іске қосылады. FlyArystan әуе компаниясы жаңа бағыт бойынша алғашқы рейсті 2026 жылғы 28 қазанда орындауды жоспарлап отыр.

Рейстер аптасына екі рет — сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады. Ұшақ Астана халықаралық әуежайынан таңғы сағат 07:55-те ұшып, Ининге жергілікті уақыт бойынша 13:20-да қонады. Кері рейс Ининнен 15:20-да аттанып, Астанаға 14:50-де жетеді.

Жаңа бағыт бойынша билеттердің бастапқы бағасы бір бағытқа 35 мың теңгеден басталады. Алайда нақты құны ұшу күніне, сұранысқа және таңдалған тарифке байланысты өзгеруі мүмкін.

Инин — Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Іле Қазақ автономиялық облысының әкімшілік орталығы. Қазақстанға жақын орналасқан қала сауда, туризм және іскерлік байланыстар тұрғысынан маңызды бағыттардың бірі саналады.

Бұған дейін FlyArystan Алматы мен Инин арасында тікелей рейстерді іске қосқан болатын. Астанадан жаңа әуе бағытының ашылуы Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінен Қытайдың батыс бөлігіне баруды жеңілдетеді.

Жаңа рейс туристерге, кәсіпкерлерге және Қытаймен сауда-экономикалық байланысы бар жолаушыларға қосымша мүмкіндік береді. Сондай-ақ тікелей әуе қатынасы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік және туристік байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button