Басты жаңалық

Астанада жәрмеңке жалғасуда: осы апта 400 тоннадан астам өнім ұсынылды

Астанада Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысатын жәрмеңке өтіп жатыр. Келесі аптада да жалғасатын жәрмеңкеде елорда тұрғындары өңірлердің табиғи өнімдерін қолжетімді бағамен сатып ала алды.

Жәрмеңкеге үш өңірден 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. Тұрғындарға ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, бал және басқа да азық-түлік түрлері ұсынылды.

Өнімдер фермерлерден тікелей жеткізілген. Бұл делдалдар санын азайтып, тұтынушыларға азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Жәрмеңкеде әр өңірдің өзіне тән өнімдері де бар. Мәселен, Маңғыстаудың шұбаты мен қызыл балығы, Семейдің ши бауырсағы мен Саржал қымызы, Алматының апорты тұрғындардың сұранысына ие.

«Бұл жәрмеңке басталғалы тұрақты келіп тұрамын. Себебі жәрмеңке тек қолжетімді бағаға азық-түлік алу мүмкіндігі ғана беріп қоймай, сапасы жоғары, әр өңірдің өзіне тән ерекше өнімдерін алуға септік етеді», – дейді елордалық Айгүл Құлданаева.

Оның айтуынша, жәрмеңке тұрғындарға әр өңірдің дәмін татып, өзіндік ерекшелігімен танысуға мүмкіндік береді.

Абай облысынан елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. Оның ішінде 50 тоннаға жуық ет, 70 тонна бал, 30 тонна көкөніс, 30 тонна қарбыз, сондай-ақ сүт және шұжық өнімдері, қымыз бен ұлттық тағамдар бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау, өңірлердің сапалы өнімдерін таныстыру және өңіраралық сауда байланыстарын нығайту.

Басқа жаңалықтар

Back to top button