Басты жаңалықБілім

Енді Астананың кофеханаларында сүйікті сусыныңызды ішіп отырып кітап оқи аласыз

Кітап оқуды насихаттауға және оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Сөз сөресі» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қолға алынған бастама кітапты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды көздейді.

Жоба аясында елордадағы кофеханаларға 400-ге жуық қазақ тіліндегі кітап таратылды. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары мен жергілікті қаламгерлердің шығармалары бар.

Бастаманың басты мақсаты – қазақ тіліндегі әдебиетті көпшілікке қолжетімді етіп, қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Енді кофехана қонақтары сүйікті сусынын ішіп отырып, кітап оқуға, жаңа шығармалармен танысуға және отандық авторлардың туындыларын тамашалауға мүмкіндік алады.

Кітапты қоғамдық кеңістіктерге орналастыру – оқуға деген қызығушылықты арттырып, әдебиетті жаңа оқырманға таныстырудың тиімді жолы. Мұндай бастамалар жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға, бос уақытын мазмұнды өткізуіне ықпал етеді.

«Сөз сөресі» арнайы жобасы арқылы кітап оқу мәдениетін күнделікті өмірге енгізіп, қазақ әдебиетін әр оқырманға жақындатуға мүмкіндік бар. Кофеханалардағы кітап сөрелері тұрғындарға таныс ортада жаңа шығармаларды ашуға жол ашып, елордадағы рухани ортаны байыта түседі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button