
Астанада білім беру инфрақұрылымын дамыту және оқушы орындарының тапшылығын азайту жұмыстары жалғасып жатыр. 2027 жылдың соңына дейін елордада тағы 21 мектеп ашу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, соңғы үш жылда елордада 44 мектеп салынған. Оның 24-і Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Биыл тоғыз мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы екі мектептің құрылысы аяқталып, оқушыларға есігін ашады. Қазіргі уақытта қалада бірқатар білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр.
Жоспарланған 21 мектеп бір ауысымда шамамен 41,5 мың оқушыға арналған орын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру нысандарын салуға жеке инвестициялар тартылып жатыр.
Педагог кадрларын даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша педагогикалық мамандықтарға 1,5 мыңға жуық грант бөлінген. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің грантымен 2 мыңға жуық студент білім алып жатыр.
Сондай-ақ Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт құрылды. Бүгінде онда 4,5 мыңнан астам студент оқиды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, атқарылып жатқан жұмыстар оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, білім беру қолжетімділігін арттыруға және балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.



