Ұлттық банк банк операциялары бойынша жаңа тәртіп бекітілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі басқармасының қаулысымен жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар үшін есептілік ұсынудың жаңа қағидалары бекітілді. Құжат 2026 жылғы 11 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Жаңа ережелерге сәйкес, ұйымдар есептілікті тек электронды форматта Ұлттық банктің «Веб-порталы» арқылы тапсырады. Бұл портал есептілік ұсынуға арналған барлық сервистерді біріктіретін бірыңғай терезе болып саналады. Жүйе енгізілген деректердің дұрыстығын автоматты түрде тексереді, қателер анықталған жағдайда ақпарат қабылданбайды.
Есептік кезеңнің аяқталған күні деректердің соңғы сәтті жүктелген уақытымен белгіленеді. Ал ұйым басшысы немесе уәкілетті тұлға электронды қолтаңбаны келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қоюға міндетті. Барлық есептер электронды форматта сақталады. Шетел валютасындағы активтер мен міндеттемелер нарықтық айырбас бағамы бойынша қайта есептеліп көрсетілуі тиіс.
Есептілік тапсыру мерзімдері ұйым түріне қарай белгіленген. Атап айтқанда, ипотекалық ұйымдар есептерді ай сайын, есепті айдан кейінгі 10-жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады, ал желтоқсан айына қатысты қосымша есептер келесі жылдың 31 қаңтарына дейін тапсырылады. Агроөнеркәсіптік кешенді кредиттейтін ұйымдар есептілікті ай сайын немесе тоқсан сайын тапсырады, мерзімдері ипотекалық ұйымдарға ұқсас.
Ұлттық пошта операторы ай сайын және тоқсан сайын, оның ішінде қолма-қол ақша операциялары бойынша да есеп береді. Желтоқсан айының есебі де 31 қаңтарға дейін өткізілуі қажет. Жекелеген банк операцияларын жүргізуге лицензиясы бар банктер тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 18-інен кешіктірмей есеп тапсырады. Ал айырбастау пункттері арқылы жұмыс істейтін және инкассациямен айналысатын заңды тұлғалар есепті тоқсан сайын, келесі айдың 20-сына дейін ұсынуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк өкілдері теңге бағамының динамикасына әсер ететін негізгі факторлар туралы да түсініктеме берген болатын.



