«Наурыз» бағдарламасы: 36 млн теңгеге қандай баспана алуға болады?

«Отбасы банкінде» «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы 2026 жылы да жалғасатынын, ал өтінім қабылдау дәстүрлі түрде наурыз айында басталатынын хабарлады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Отбасы банкінің» Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Камшат Оналбаевамәлімдеді.
Оның айтуынша, бағдарлама аясындағы ең жоғары несие сомасы:
-
Алматы мен Астана қалалары үшін — 36 млн теңге,
-
басқа өңірлер үшін — 30 млн теңге деңгейінде сақталады.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы жарна мөлшері:
-
таза әрлеумен тапсырылатын жаңа тұрғын үй үшін — 10%-дан бастап;
-
әрлеусіз немесе екінші нарықтағы тұрғын үй үшін — 20%-дан бастап.
Сонымен қатар, бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банкіндегі» депозитте кемінде 2 млн теңге болуы қажет.
Мегаполистерде тұрғын үй бағасының өсуі және белгіленген несие лимитінің жеткіліктілігі туралы сұраққа жауап берген Камшат Оналбаева банк нарықтағы тұрғын үй бағасын реттемейтінін атап өтті. Алайда «Отбасы банкінің» құрылыс компанияларымен келісімшарттар жасайтынын, сол келісімдер аясында шаршы метрдің шекті бағасы белгіленетінін айтты.
— Алматы қаласында осындай нысандар бар. Біз құрылыс компанияларымен келісімге қол қоямыз, онда шаршы метрдің ең жоғары құны нақты көрсетіледі. Құрылысшы осы баға шегінен аспауы тиіс. Сол келісім аясында клиенттер өздеріне қолайлы тұрғын үйді таңдап, бағдарлама бойынша сатып ала алады, — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Наурыз» бағдарламасы еліміз бойынша екі жылдан бері табысты іске асуда. Осы уақыт ішінде 15 мыңға жуық қазақстандық қоныс тойын атап өтті, олардың басым бөлігі — алғашқы баспанасын иеленгендер.
Бұған дейін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламалары арқылы қазақстандықтар қанша тұрғын үй сатып алғанын мәлімдеген болатын.



