Теңге нығайып келеді: қазір доллар сатып алу керек пе?

Теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы аясында көптеген қазақстандықтарды «қазір доллар алған дұрыс па?» және «теңге одан әрі күшеюі мүмкін бе?» деген сұрақтар алаңдатып отыр. Осы тақырыпта Kazinform тілшісі сарапшылармен пікір алмасты.
R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, доллар басқа да әлемдік валюталарға қатысты әлсіреуде. Екіншіден, Иран айналасындағы шиеленісті жағдай жаһандық нарықтарға ықпал етуде. Үшіншіден, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен ФРЖ басшысының ауысуы мүмкін деген болжам ақша-несие саясаты мен базалық мөлшерлемеге әсер етуі ықтимал.
— Иран маңындағы тұрақсыздық, АҚШ-тағы тауар қорлары мен мұнай өндіру көлемінің төмендеуі аясында мұнай бағасы бір апта ішінде 10%-ға өсті. Бұл да теңгеге қолдау көрсетті. Сонымен қатар қазір салық кезеңі жүріп жатыр: көптеген экспорттаушылар валюталық түсімін сатып, оны теңгеге айырбастауда, — деп түсіндірді сарапшы.
Оның пікірінше, ұзақ мерзімді перспективада теңгенің айтарлықтай нығаюын күтуге болмайды. Ел ішінде инфляциялық тәуекелдер сақталып отыр, ал Салық кодексіндегі өзгерістер өтпелі кезеңді қалыптастыруда. Дегенмен, ол айтарлықтай девальвация болады деп болжамайтынын атап өтті.
Доллар сатып алудың тиімділігі жөнінде Арман Байғанов былай деді:
— Болашақта бизнеске қатысты төлемдері немесе өзара есеп айырысулары бар адамдар үшін доллар сатып алу орынды болуы мүмкін. Ал ұзақ мерзімге жинақ ретінде сақтағанда доллар құнсыздануы ықтимал, оның үстіне валюталық депозиттердің табыстылығы төмен. Мұндай жағдайда жинақты теңгеде ұстау тиімдірек. Әр адам өз мақсатына қарай шешім қабылдауы керек.
Экономист Бауыржан Шурманов та қазір валюта сатып алуға ниетті азаматтар үшін қолайлы сәт екенін айтады, алайда асықпауға кеңес береді:
— Сатып алуды екі–төрт апта ішінде үш-төрт бөлікке бөліп жасаған дұрыс. Осылайша орташа бағамды бекітуге болады. Мысалы, бір бөлігін бүгін, келесісін бір аптадан кейін алу — егер теңге одан әрі нығая берсе, өкініш болмас үшін, — дейді ол.
Шурмановтың пікірінше, ақпан айының соңына дейін теңгенің одан әрі нығаю ықтималдығы бар. Бұған салық кезеңі, декларация тапсыру мен салық төлеу, сондай-ақ ішкі және сыртқы сұранысты тартатын жоғары базалық мөлшерлеме әсер етуде. Мұны инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу деректері де растайды.
Ал Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) аналитиктері теңгенің нығаюын Ұлттық банктің операциялары аясында шетел валютасын сату көлемінің артуымен, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық түсімнің 50%-ын міндетті түрде сатуы және ақпандағы салық кезеңі алдында экспорттаушылардың валютаны теңгеге конвертациялауымен байланыстырады.



