Айбота Ертайқызы: Жарыстарға деген көзқарасым өзгерді
Күні кеше ғана Азия чемпионатынан еліміздің көркем гимнастикадан ұлттық құрамасы олжалы оралды. Ал ұлттық құраманың ең тәжірибелі мүшесі Айбота Ертайқызы көркем гимнастикадағы ең күрделі жарыс - көпсайыстан Азияның вице-чемпионы атанды.
— Айбота, Бішкек қалай қарсы алды? Азияның мықтылары жиналған жарыс қалай өтті?
— Бішкек жалпы өз тарихында Азия біріншілігі секілді ірі турнирді алғаш рет өткізіп жатқасын өте жақсы дайындалған. Бұл жарыстардың бір ерекшелігі біз төрт күн қатарынан жарыстық. Әдетте басқа жарыстар тек үш күнге ғана созылатын. Сондықтан аздап қиындау болғаны рас. Бірақ біз команда болып өз жұмысымызды жақсы алып шықтық деп айта аламын. Қарсыластарымыз мықты болды. Қытайдан Олимпиада чемпиондары келді. Әлем кубоктарында жүлде алып жүрген спортшылар да болды. Соған қарамастан әр спортшы өзіне жүктелген міндетті атқарып, командалық екінші орынды алдық. Командадағы қыздар ересектер арасындағы Азия чемпионатына енді ғана шықса да жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Қобалжу да болды.
— Былтырғы Азия чемпионатымен салыстырғанда биыл қандай жоспармен бардың?
— Жоспардан бұрын мен үшін ең маңыздысы жаттығуларымды қатесіз, жақсы, сапалы етіп орындау болды. Азия чемпионаты біздің күнтізбедегі маңызды жарыстың бірі ғой. Осы біріншіліктің қорытындысына қарап әлем чемпионатына жолдама да беріледі. Басқа спортшылар туралы ештеңе айта алмаймын. Менің өз-өзіме айтқаным «Айбота, алтыншы Азия чемпионатына келіп тұрсың, тәжірибең бар, бастысы бапкерің мен өзің риза болатындай өнер көрсетсең болғаны. Осы мүмкіндікке жеттің, Азияның мықты спортшылары жиналған жарыстасың, осы сәтте жүлдеге таласу емес, көрерменге, өзіңе, бапкеріңе ұнайтындай жаттығу көрсету маңызды» дедім. Нәтижесін білесіз ғой.
— Алтыншы чемпионатым деп қалдың. Солардың ішіндегі ерекше есте қалғаны қандай/—
— Әр чемпионаттың өз орны бар, Бірақ ең алғаш қатысқаным 2018 жылы Малайзияда өткен Азия біріншілігі еді. Ол кезде мен 14 жаста болдым. Бірінші рет үлкен қыздармен Алина Адилханова, Диля Тлекенова сияқты қыздармен бардық. Өте қатты қобалжыдым. Мен ол кезде тек бір жаттығумен, таспа жаттығуымен бардым. Жаттығуымды сәтті орындадым. Біздің команда бірінші орын алды. Сол кездегі жарысты әлі сағынышпен еске аламын. Сол жарысқа барарда мен таңнан кешке дейін таспамен жұмыс істегеннен кейін бе екен сол құралмен қарым-қатынасымыз ерекше.
— Былтыр Германияда өткен Дүниежүзілік Универсиадада таспа бойынша жүлде алғаныңды да ұмытпаймыз.
— Иә, ол жарыс та мен үшін сәтті өтті. Көпсайыста жақсы өнер көрсеттім. Финалда да жақсы болды. Ұршық жаттығуында 4-орын алғанымды көріп, көңілім түсіп кетті. Сосын соңғы түрге дайындыққа кетіп бара жатқанда біздің қазақстандық журналист «Айбота сіз тағы төртінші болып қалдыңыз. Көңіл күйіңіз қалай?»- деп сұрағанда жылап жібергім келді, бірақ өзімді ұстап, таспа жаттығуына киінуге кеттім.
— Сондай кездерде спортшының ішкі дүниесінде не боп жатады? Енді келесі түрде қалай да жүлдеге қол жеткізуім керек деп тұратын шығарсыздар?
— Жоқ. Ондай жерде қайта жүлде туралы ойлауға мүлде болмайды. Іште көп эмоция болады. Ол кезде медаль туралы ойласаң 100 пайыз оны ала алмайсың. Артық ой болмау керек. Ұзақ уақыт бойы төгілген тер, әрбір элемент, эмоцияны әзірлік кезіндегідей айна-қатесіз көрсетуге тырысу қажет. Медаль туралы тек төрешілер беретін бағаны күтіп отырғанда ғана ойлауға болады. Мұны жас спортшылардың көбі түсіне де бермес. Жарысқа қатысып тұрып, медаль туралы қалай ойламауға болады екен дер. Мен де юниор кезімде жүлде алуды ойлайтынмын. Ал есейген сайын бәрі басқаша екенін түсіндім, үлкен спортта жүрген жылдардағы тәжірибемнен айтып отырмын. Спорт пен өмірдің қағидалары жақын дер едім. Қазір мен кілемге шыққанда бұрынғыдай қобалжымай, аяқ-қолымды, қимылымды, өзімді сезінемін. Бастысы мақсатқа жету емес, сол мақсатқа жетудегі жүріп өткен жол дер едім.
— Ендеше осы жол сенде қалай басталып еді?
— Кішкентай кезімде бір орында көп отырмайды екем. Содан анам мені төрт жасымда бірінші балет үйірмесіне апарып, ондағылар көркем гимнастикаға қабілеті бар, спортқа беріңіз деген. Әулетімізде кәсіби спортшы болмаған. Ол кезде Талдықорғанда тұрдық. Кейін отбасымызбен, менің гимнастикада одан әрі дамып, жетілуім үшін Астанаға көшіп келдік. Жалпы үйдегі тұңғыш бала болғандықтан анам менің дамуыма өте көп көңіл бөлді. Бір минут бос уақытым болмайтын. Мен тіпті кішкентай кезімде радио жүргізуші де болғам. Түске дейін жаттығу. Одан кейін студия, сосын сабақ. Одан кейін бассейн, сөйтіп кете береді. Менен кейінгі інім де спортпен айналысты. Бірақ есейе түскен сайын спорттағы жолдың қандай қиын екенін көргеннен кейін, анам үйдің кішкентайларын спорттан оқу жағына қарай бұрды.
— Ендеше кішкентай қыздарын көркем гимнастикаға беріп, олар сен сияқты чемпион болса екен дейтін ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтар едің? Чемпион болу үшін не істеу қажет?
— Әрине қыздарды кішкентай кезінде залға әкелетін ең алдымен ата-анасы ғой. Бала кезде апарған жерге бара бересің, қатыса бересің. Дегенмен ата-ана қаншалықты баласының жақсы спортшы болғанын қалап тұрғанымен сол спорт балаға ұнамаса жетістікке жету қиын болады. Сондықтан да кішкентай балаларды спорт үйірмесіне барарда қызықтырып апару керек деп ойлаймын. Ол осы спорт түрін жақсы көріп тұруы керек. Тіпті ересек спортшыларға да сол қағида жүреді. Ал музыканың сүйемелдеуімен жүріп, адам ағзасының сұлулығын көрсететін көркем гимнастикада оның маңызды екені айтпаса да түсінікті. Біздің жанкүйерлер бізден әдемілікті, әртістікті, ерекше эстетиканы көргісі келеді. Өнерге жақын спорттың түрі ғой. Қорыта айтсам ең маңыздысы – осы спорт түрін жақсы көру.
— Иә, көркем гимнастика өнерге жақын. Тіпті оның балет өнерінен бастау алғанын айта кетейік. Біз қазір елордадағы «Астана Опера» театрының жанында отырмыз. Балет қойылымдарынына барғанды ұнатасың ба?
— Гимнастикадағы қыздардың балериналарға ұқсайтынын білесіз ғой. Міндетті түрде классикалық хореографиядан жаттығулар болады. Балет әртістері сабақ береді. Сондықтан балет өнерін жақсы көрем. Әсіресе «Спартак» балеті сүйікті қойылымдардың бірі. Бұл балетте керемет энергия бар. Қойылымнан кейін күш алып шығам. Біздің спортта балеттен келген элементтер де бар.
— Элементтер туралы жақсы бастадың. «Рафаэлли» элементін жарыстарда істеп жүргеніңе көп болды ма?
— Иә, қазір әлемде осы элементке көп көңіл бөлініп жүр. Себебі ол арқылы жақсы ұпай алуға болады. Сондықтан мен де бапкеріме осы элементті үйренгім келетінін айтып, іске кірістім. «Рафаэллиден» қаншалықты жақсы ұпай алуға болса, соншалықты ұпайың оны дұрыс істемесең кетіп те қалуы мүмкін. Элемент тұрақты түрде дұрыс шықпайынша оны жарыстарда жаттығуға қосуға болмайды. Осыған байланысты тек жақында ғана толықтай бағдарламаларыма қоса бастадым.
— 2024 жылдан кейін ережелер өзгерді. Жаттығулар біршама жеңілдеген шығар?
— Жоқ. Керісінше. Бір элемент, екі шеберлік, бір тәуекел элементі алынып тасталғанмен қазіргі жаттығуларымыз жеңілдеді деп айта алмаймын. Бұрын біз би қадамдарын жай жасай салатынбыз. Ал қазір бүкіл энергияңды беріп тұрып билеу керек. Әртістік жағына көп көңіл аударыла бастады.
— Ол жаттығуларыңнан көрініп те тұр. Жалпы өзіңе ұнайтын музыканы табу да оңай емес шығар?
— Иә, маусымға бағдарлама қоярда көп музыка тыңдаймыз. Мысалы мен биылға шығыршық жаттығуыма музыканы қалай таптым. Дарья Варфоломеевтың (Д.Варфоломеев – 2024 жылғы Олимпиада чемпионы) жаттығуындағы музыка ұнап қалып, сол автордың, әншінің шығармаларын тыңдай бастадым. Сөйтіп оның басқа бір шығармасын шығыршық жаттығуына алдым. Қазір гимнастикадағы музыка да өзгере бастаған секілді. Нақты акценттері бар шығармаларды алуға тырысамыз. Бұрын жаттығу бір қойылым тәрізді болса, ал қазір тұтастай фильм көрсеткендей болу керек. Өйткені біз жаттығуымыз арқылы не айтқымыз келгені, қандай оқиғаны бейнелегеніміз бірден түсінікті болуы керек. Яғни, техника мен әртістік ұштасқанда ғана көрерменге де, төрешілерге де ұнайтының түсінікті.
— Көркем гимнастиканы тек үш сөзбен сипаттап көрсең?…
— Тәртіп, сұлулық, еңбек.
— Маусым айының ортасында Астанада эстетикалық гимнастикадан Азия чемпионаты өтеді. Азияның чемпионатының жүлдегері ретінде әріптестеріңізге қандай кеңес айтар едіңіз?
— Бұрын мен жарыстың алдында ойың тек ертеңгі жарыс туралы болу керек деп ойлайтынмын. Қазір ол ойым өзгерді. Мен үшін жарыс туралы азырақ ойлаған жақсы. Бірнеше айлар мен жылдар бойы жаттығып жүрген адам, үлкен жарыстарға физика тұрғысынан дайын боп келеді. Ал психологиялық жағынан жарысқа сақадай сай болу ол бөлек әңгіме. Сондықтан да жарыс алдында өз-өзіңді жеп қоймас үшін көңіліңді басқа нәрсеге бөлген жақсы. Эстетикалық гимнастикадағы қыздарға кілемге шыққанда дәл сол сәттен ләззат алып, бар білгендерін ортаға салса нәтиже де жақсы болады дегім келеді.
Сұхбаттасқан: Лилиана Әлжанова



